Әулиекөлде 91 отбасы баспаналы болды – Қостанай облысы

Әулиекөлде 91 отбасы республика күнімен қатар қоныс тойын тойлап жатыр. Күні кеше алапат өрттен зардап шеккен тұрғындар, енді жаңа үйлерінің кілтін алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Қамқорлық жасаған отандастарына да, билікке де дән риза. Әулиекөл кентінде жаңа шағын аудан тұрғындары баспана кілтін алып жатыр. 91 үй бір жарым ай ішінде тұрғызылды. Рекордтық мерзімде құрылысты аяқтаған мердігерлер мен жомарт жандардың еңбегін аймақ басшысы ерекше атап өтті.    

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

Қазақстандықтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бірігіп қолдау көрсетті. Еліміздің әр түкпірінен ағылған гуманитарлық көмекке шек болған жоқ. Біз Қазақстан халқының бірлігінің отандастарымыздың жанашырлығын адал сезіндік. Үкіметтің қолдауымен жедел түрде тұрғын үйлердің құрылысына кірістік. Бұл іске еліміздің және облысымыздың маңдайалды құрылыс компаниялары бар күш-жігерін салды.

Жұмагүл Рахметованың қуанышында шек жоқ. Төрт бөлмелі жайлы баспана көңілден шығатынын айтады. Табиғи газ, су кіріп тұр. Енді керегі тұрмыстық техника.

Жұмагүл Рахметова, Әулиекөл ауданының тұрғыны:

Ертең көшіп келеміз. Балалар келеді қаладан, немерелеріміз. Үйге тоңазытқыш кіріп тұр. Білмеймін тағы не әкелетіндерін. Бір кілем әкеліп қойыпты. Енді әрі қарай өзіміз толтыратын шығармыз.

 «Бірлік» деп аталатын бұл шағын аудан құрылысына 2,3 млрд теңге бөлінді. Жұмыстар тәулік бойы жүргізілді. Енді тұрғындар сонау күнгі сойқанды көрген түстей есте алады.

Орынбасар Молдақышева, Әулиекөл ауданының тұрғыны:

Көмек болды. Банкілерден алдық. Бір-бір миллионнан берді үш миллионды. Біріншісінен екіншісінен алдық. Жалпы үш миллионды қолымызға ұстатты. Азық-түлікпен берді. Қырғызстан, Ауғанстаннан 30-40 мыңнан келіп берді. Еліміз тыныш болсын. Бірлік болсын. Ешкімнің басына осындай қайғы бермесін. Осымен кетсін.

Жаңа шағын аудан әрі қарай өркендей береді. Мұнда 280 орындық балабақша салынады. Ал жергілікті аурухана базасында инсульт орталығы пайда болады. Аманқарағай ауылында фельдшерлі-акушерлік пункт пен балалар лагері қолданысқа берілмек.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров