Елордада журналистер арасында бильярдтан турнир өтіп жатыр

Елордада республика күніне орай журналистер арасында бильярдтан турнир өтіп жатыр.

Тастаяқ тартысына 30-ға жуық тілші жиналды. Олардың арасында ел алдыңда жүрген белгілі қаламгерлер де бар. Мерейлі мерекені атап өтуге арналған сайыстың жүлде қоры миллион теңгеден асады. Одан бөлек қатысушыларға арнайы номинациялар табысталады. Турнирге бильярдтан әлемнің екі дүркін чемпионы Ернар Шымбаев төрелік етіп жатыр. Жеңімпаз бүгін кешке белгілі болады.

Олжас Сыдықбек, «Elorda Aqparat» медиа холдингінің директоры:

- Біздің үлкен қатысушымыз Төлен Әбдік ағамыз. 80 жасқа толып отыр, мерейтойы. Қойшықара Салғараұлы мен Несіпбек Айт ағаларымыз ойнап жатыр. Ол кісілерге арнайы жүлделеріміз бар. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы, Шерхан Мұртаза атындағы, Ақселеу Сейдімбек атындағы арнайы жүлделерді осы ағаларымызға табыстаймыз.