Ақтөбеде Республика күні қарсаңында салтанатты жиын өтіп, бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Олардың экономика, мәдениет, спорт, халық арасындағы достық пен бірлікті сақтаудағы және тағы басқа салаларда атқарған қызметі зор. Сол арқылы елдің дамуына да қосқан үлестері көпке үлгі. Өңір тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерді одан әрі еселей түсуді көздеп отыр.
Өңірдің спорт саласын ілгерлетуге елеулі үлес қосқан Мұқанбетжан Зарлықовтың есімі ақтөбеліктер үшін үлгі. Өткен ғасыр мен тәуелсіздік алған жылдардан бері жүздеген палуан дайындап, үздіктері облыстың ғана емес, елдің абыройын асырған чемпиондар қатарына қосылды. Әйгілі жаттықтырушы мереке қарсаңында «Ерен еңбегі үшін» медалімен мараптталды.
Мұқанбетжан Зарлықов, мамандандырылған №4 балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві спорт мектебінің жаттықтырушысы:
- Бұл спорт ең бір жоғары дәрежеде өтетін дүние деп есептеледі. Себебі басқа елге келгенде Президент Қазақстанның Әнұраны ойналады. Ал спортсмендер жоғары дәрежеде жеткенде тағы да сол Әнұран ойналады. Осы тұрғыда сол елдің атағын шығаратын сол көкбайрағын желбірететін әрине спортшылар.
Салтанатты жиын барысында бірқатар азамат «Парасат», «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», «Жомарт Жүрек» медальдары және ҚР Құрмет Грамотасымен марапатталды. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі де табыс етілді. Ел Президентінің жарлығымен мемлекеттік наградаларды табыстаған облыс әкімі Ералы Тоғжанов Республика күнінің маңыздылығын атап өтті.
Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
- Республика күнін мерекелеу жалпыұлттық тұтастығымызды, қалыптасқан мемлекетімізді айшықтай түсетін бүкілхалықтық тарихи күн. Бұл ата-бабамыздың орындалған арманы. Ұлттық идея мен мемлекеттік бірегейлікке ұласқан күн. Бұл тәуелсіздігімізді ұлықтайтын мереке.
Шара өнер ұжымдарының театрландырылған көрінісі мен концерттік бағдарламасына ұласты. Ал өңір тәуелсіздік жылдарында ауыл шаруашылық, құрылыс, медицина мен әлеуметтік салада жеткен жетістіктерді еселей түспек.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков