«Мегаполистер бірлігі». «Хабар» арнасы Республика күніне орай мерекелік телекөпір өткізді

Телеарна ұжымы «Мегаполистер бірлігі» жобасын 4 сағат бойы көрсетті. Қазақстандағы ең ірі үш қала: Астана, Алматы мен Шымкенттегі негізгі мерекелік шаралар тікелей эфирде көрерменге жол тартты. Мұндай мега жоба телеарна тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлытаудағы құрылтайда Мемлекет басшысы 25 қазан Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесін беру туралы бастама айтты. 1990 жылдың 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы ретінде аса маңызды дата. «Мегаполистер бірлігі» жобасы осы күнді жоғары деңгейде атап өтіп ерекше мән беру үшін арнайы ұйымдастырылды. Жоба мақсаты – Республика күнін насихаттау, ұлттық мереке ретінде жанданған атаулы күнге қоғамның қызығушылығын арттыру.

Дархан Қыдырәлі, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Егемендік декларациясы арқылы еліміз еңселі егемендікке, тұғырлы тәуелсіздікке, арайлы азаттыққа қадам басты. Бұл осы егемендігіміздің ең алғашқы тұғырнамасы, құжаты болды. Сондықтан оны әрбір азамат құрметтеуі тиіс, сезінуі тиіс мерекені. Сондықтан «Хабар» арнасындағы тікелей эфирдегі телекөпірі біздің ел азаматтарын мерекелік көңіл-күй сыйлайды деп үміттенеміз.

Еліміздің ірі мегаполистері – Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы халық көп жиналатын орталықтарда құрылған концерттік алаңдардан телекөрсетілім ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарламаға түрлі жанрдағы әртістер, вокалдық және би ұжымдары, қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысты. Отансүйгіштік, елге деген құрмет идеясы төңірегінде еліміздің мыңдаған азаматы бірікті. Үш шаһарда қатар өткен думан кезінде елімізге танымал 150-ден астам әнші өнер көрсетті. Ал осының барлығы 4 сағат бойы «Хабар» телеарнасы арқылы трансляцияланды.

Берік Уәли, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

– Мегажобаның негізгі мақсаты – меркелік көңіл күй сыйлау. Қайтадан Республика күнін жаңғырту. Халықтың жадына оралту. Меркені еске салу. Өйткені бұл мекерені Мемлекет басшысы еліміздің ұлттық негізгі мерекесі деп жариялады. Сол себепті бұл мерекенің басқа мерекелерден ерекшелігі ең баста тұрған мереке деп санауымыз керек. Бүгін, міне, қараңыздаршы. Бір жағынан Алматы қаласында концерт болып жатыр. Бір жағында Шымкент қаласында. Ал мына Астанада осы Хан шатырда. Бұл үш бірдей мегаполистің басын қосып, үлкен жобаны қолға алып отырмыз. Бұл бірінші рет болып отыр.

Тележоба барысында сарапшылар мен мәдениет қайраткерлері экслюзвті сұхбат берді. Басты миссия – ел ішінде халықпен бірге Ұлттық мерекені ұлықтау. Республика күніне орай тұрғындарға мерекелік көңіл-күй, отбасылық демалыс сыйлау бағытталған.

Республика күнін тойлау үшін сонау Шиелі ауданынан осы Астанаға келіп жатырмыз. Астанада барлық жерлерде тойланып жатыр екен. Көңіл-күй жақсы. Барлығын Республика күнімен құттықтаймын.

Қазақ елін құттықтаймын. Бұл мереке ерекше өзімізге. Сондықтан атаулы мерекені жақсы көңіл күйдеміз. Астана қаласының тұрғындары тойлап жатырмыз. Барша жұртқа өз алғысымды айтып бірлікке шақырамын.

Қазақстанымыздың көк туы желбіріген. Тәуелсіз Республика күні құтты болсын. Деніміз сау болсын. Жастар аман болсын. Әрқашан осындай жақсылықтан айырмасын.

Ұлттық мереке аясында еліміздің барлық өңірінде 100-ден аса іс шара өтеді. Қазан айының ортасынан басталған іс-шаралар, айдың соңына дейін жалғасады.

Атап айтқанда, концерттік бағдарламалар, театр қойылымдары, көрме, конференциялар мен аламан бәйге ұйымдастырылады. Ал ертең, 25 қазан күні бірқатар қалада мерекелік отшашу болады.

Руслан Бақытбекұлы, Рухани Асқар