Еліміздің Республика күні Анкарада кеңінен атап өтілді

Еліміздің Республика күні Түркияның Анкара қаласында кеңінен аталып өтілді.

Атажұртты мерекемен құттықтауға Түркия мәдениет және туризм министрі, Анкара губернаторы мен мэрі, зиялы қауым мен шетелдік дипломатия өкілдері келді. Сондай-ақ Түркияда тұратын қандастарымыз бен студенттер бас қосты. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ұйымдастырған шарада домбырадан ән-күй төгіліп, қазақы дастарқан жайылды. Келген қонақтарды ұлттық киімдегі қыз-жігіттер қарсы алып, киіз үйде, ұлттық тағамдар ұсынылды. Шараға арнайы келген Түркияның Мәдениет және туризм министрі, екі ел қарым-қатынасының жыл өткен сайын тереңдеп келе жатқанын тілге тиек етті. Жиында Түркияда оқитын студенттер мен ел-шілік қызметкерлері де сахнаға шығып, өнерлерін көрсетті. Келген қонақтар тәуелсіздіктің бастауы болған Республика күні ерекше мейрам екенін атап өтті.

Куршад Зорлу, саясаттанушы:

- Егемендік декларациясына қол қойылған Республика күні әрине ерекше мереке. Қазақстан аймақтағы ең жылдам өркендеп келе жатқан, өзіндік даму жолы бар, түркі мемлекеттері арасындағы негізгі елдердің бірі. Қазақстан халқын біріктіретін, өзге елдерге Қазақстан туралы жан-жақты мағұлмат алуға мүмкіндік беретін осындай ерекше күнмен барша қазақстандықтарды құттықтаймын. 

Сондай-ақ Республика күнінің құрметіне Анкарадағы ең биік нысандардың бірі Түркия биржалар және палаталар қоғамының қос ғимараты көк байрағымыздың түсіне боялды. Естеріңізге салайық, бірер күн бұрын Ыстамбұлдағы Азия мен Еуропаны байланыстыратын көпір де мемлекеттік рәмізбен көмкерілген еді.