Жамбыл облысында елу жыл бойы айтылып келген өткел мәселесі шешілді

Жамбыл облысында жарты ғасыр бойы айтылып келген өткел мәселесі шешілді.

Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жалпақсаз ауылының тұрғындары темір жол өткелін салып беруді сұраған. Бұған дейін ауылдықтар 2 шақырым жердегі "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" тас жолына жету үшін 15 шақырым айналма жолмен жүретін. Себебі кесе-көлденең жатқан «Луговой-Бішкек» бағытындағы теміржол Қырғызстанға тиесілі. Сондықтан халықаралық шойын жолға өткел салу мәселесі өзекті еді. Тұрғындар биылға дейін мал айдайтын жерасты жолын пайдаланып келген. Дегенмен үлкен көлік пен ауыл шаруашылығы техникасы бұл жермен қатынай алмайтын. Күз бен қыста батпақ болғандықтан жеңіл көлік те тұрып қалатын. Аудан әкімдігі жұмыс тобын құрып, бірнеше рет кездесу ұйымдастырып, қырғыз тарапымен келісімге келді. Ал өткелге қажетті құрылғыларды, жергілікті кәсіпкер демеушілік жасап алып берді.

Батырғали Қазақбай, Жалпақсаз ауылының тұрғыны:

- 90-жылдардан бері қиналып жатырмыз ғой. Батпақ жолдармен жүріп, кейін тас төгіп әйтеуір халық болып. Қазір міне игілігін көріп жатырмыз.

Бауыржан Есеев, Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары:

- Талапқа сай сигнализатор қою, охраняемый переезд болу керек деген мәселелер, знактарға қатысты мәселелер болған. Ол мәселелерді біз толықтай бір ай көлемінде зерделеніп шешіліп. Қырғыз темір жолы басшысының орынбасары осы жерде болып, келіссөздер жүргізіліп, бір межеге келіп, ол мәселелер толыққанды қазір бүгінгі таңда шешілді.