Әлеуметтік желілер жағымсыз кейіпкер мен келемеждің ордасына айналудың алдында тұр

Қазақстандық медиакеңістікте жалған ақпарат пен дақпырт дерек көбейіп барады.

Оның үстіне әлеуметтік желідегі контенттердің пайдасы мен зиянын жіктеу қиын. Желі жағымсыз кейіпкерлер мен келемеждің ордасына айналудың алдында тұр. Ал бұл қоғамға қалай әсер етеді? 100-ден аса сарапшының басын қосқан Astana Media Week алаңында сарапшылар дәл осы сұраққа жауап іздеді. Жиынға қатысушылар заманауи технологияның масс медиаға әсерін де талқылады.

Отандық һәм халықаралық сарапшылардың басын қосқан ақпарат алаңына еліміздің әр өңірінен тілшілер мен баспасөз хатшылар жиналды. Шараға әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары да келді. Медиа мамандардың мақсаты бір – отандық контентті жан-жақты талқылап, көкейтесті мәселелерді ортаға салу. 

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Азаматтық журналистика мен мемлекеттік Бақ өкілдерімен бірге жақсы платформа ұсынуды жөн көрдік. Өйткені бұл мүмкіндіктер алаңы, идеялар алаңы. Осы үш күн ішінде көптеген пікірталастар болады. Бірінші рет біз газетті қосып отырмыз. Жалпы медианың барлық саласын қамтуға тырыстық.

Соңғы жылдары елде интернет пайдаланушылардың саны артып, түрлі бағыттағы медиаконтенттер көбейді. Тиісінше бұл қазақстандықтардың төл туындыға деген шөлін қандырды. Бірқатар танылмай жүрген таланттардың да тынысы ашылды. Одан бөлек интернет кез келген саланы серпілтуге үлкен қызмет атқарып келеді. Алайда осы медиакеңістіктің жағымсыз тұстары да жеткілікті.  Соның бірі ақпарат ағымында тез тарайтын жалған жала мен дәйексіз дерек.

Қанат Ысқақов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің комитет төрағасы:

- Мемлекеттік және мүдделі органдар осы жалған ақпарат тарамауы үшін немесе оған тосқауыл қою үшін уақытылы ақпарат беруі тиіс. Ол біріншіден, екінщіден тұтынушы, аудитория кез келген ақпаратты тексеруі тиіс. Яғни фактчекинг процесінен өткізу керек. Бір ғана көзден емес бірнеше ақпарат көзінен қарау керек. 

Алайда жалған ақпараттың жолын жабамыз деп, ақиқатты да ауыздықтауға болмайды. Медиамамандар мұны да жақсы біледі. Сол үшін мемлекеттік органдардың жұмысын жеделдету мәселесін көтерді. Яғни, жалған ақпарат шыққан бойда жоққа шығару керек. Одан бөлек контенттің сапасын арттыру мәселесі де көтерілді. Сарапшылардың пікірінше, танымдық бағыттағы контенке басымдық беру керек.