Теңізді өлкеде толымды тірлік бар – Қызылорда облысы

Арал қаласында тақтайдай тегіс көшелер көбейіп, көлік нөпірі артқан. Бірақ бағдаршамдар аз. Бүгін облыс әкімінің қабылдауында болған тұрғындар осындай бірқатар мәселеге жауап алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақ басшысының теңізді өлкеге сапары барысында балықшылар слетіне де қатысты. Теңіз жағалап, ел байлығын еселеген еңбеккер қауым марапат төрінен көрінді. Облыс әкімінің құқық қорғау органдары басшыларымен бірге қабылдауына 70-ке жуық тұрғын келді. Оның 30-ы сауалдарын тікелей аймақ басшысына қойып, жауап алды. Дені денсаулық, әлеуметтік және құқық қорғау салаларына қатысты.

Жақсыбай Жұқабаев, Арал қаласының тұрғыны:

– 81 мың хапқы бар қалаға бағдаршам қой дедім. Асфальт салынды, бала саны көп. 28 данасын құрамыз деп жатыр.

Биыл Арал қаласына – 95 жыл. Айтулы мерейтой аясында «Арал анталогиясы» жинағының тұсауы кесіліп, қайта жаңғыртылған. Балықшылар аллеясының төрінен «Балықшылар монументі» ашылды. Бұл шаралар теңізден маржан сүзген еңбеккерлердің дәстүрлі слетімен қатар келді.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Арал енді тек біздің еліміздің емес, әлемнің назарында ғой. Кезіндегі құрып кеткен балықтың түрлері бір-ақ түрі қалған екен, қазір қайтадан 24 түрі болып жатыр. Шетелге шығарып жатырмыз, 10 шақты зауыт жұмыс жасап жатыр. Шағын зауыттар жұмыс жасап жатыр. Арал енді тіршілігі мал мен балық, сондықтан қолдау болады.

Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржановтың 85 жасқа толуына орай Президенттің құттықтауы табысталып, құрмет көрсетілді. Айдынды өлкенің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Асылбеков марапаттады.

Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына сапары барасында «Көкарал» бөгетінің жағдайымен де танысты. Аймақ басшысы Президент тапсырмасы бойынша бөгетті жөндеу жұмыстары қолға алынғанын атап өтті.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов