83 жастағы ақсақал күннен күнге «TikTok»-та танымал болып келеді

83 жастағы алматылық ақсақал күннен күнге TikTok-та танымал болып келеді.

Тілеуғали Сатыбалдиев әлеуметтік желідегі парақшасында әдемі киім үлгілерін көрсетіп, немерелерімен қызықты ролик түсіреді. Оның бейнежазбалары миллионнан аса адамның көңілінен шыққан. Ақсақалдың өзі TikTok-та танымал боламын, деп ойламаған. Кейіпкермен біздің тілшіміз кездесіп қайтты.

Тілеуғали Сатыбалдиевтың алғашқы ролигі бірден көрермендердің көңілін жаулап алады. Ол киімді талғаммен киеді. 83 жасқа келсе де тың, қимылымен де ерекше. Ол жарты жылдан бері әртүрлі бейнежазбалар түсіріп, парақшасына жазылған көрермендерін қуантып жүр. Түсірілім мен монтаж жұмыстарына немерелері көмектеседі екен. 

Тілеуғали Сатыбалдиев, тиктокер:

- Екінші немерем қыз бала уақытында көркемдік училищесін бітірген. Мынаны киіңіз, мынаны шешіңіз, бүйтіңіз, сүйтіңіз деп сол көбінде мені құмар еткен. Сізді бір миллион деді алдында, одан кейін 2 миллион қарапты, деп сүйтеді. Таңқалып, одан әрі құмар болып кеттім.

Алты ай бұрын Тілеуғали ата өзінің құдай қосқан жарынан айырылып қалады. Көңілі құлазып, мұңаймас үшін балалары мен немерелері аталарына TikTok желісін үйретіпті. Алматы тұрғыны бала кезінен сәнді киінгенді жақсы көретінін айтады. «Ер адамның үстіндегі киімі таза әрі жарасымды болуы керек»,-дейді. 

Тілеуғали Сатыбалдиев, тиктокер:

- Мен киімді өзім таңдаймын. Өзіме ұнағанын, кемпірім болған уақытта да көп кеңес берген жоқ маған. Қой деймін, мен өзім білемін. Кішкентай бала кезімнен өзім ана жері жыртылып қалғанын тігемін, өзіме келістіріп аламын. Содан өстім ғой.  

Ақсақал: «Мақсатым танымал болу емес, өмірімді мәнді өткізу», - дейді. Оған қоса немере, шөберелеріне жақсы тәрбие бергісі келетінін айтады.  

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов