Кенжекөл ауылында жылу маусымы басталды – Павлодар облысы

Қазір орталық жүйеге әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлер қосылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өркениет игілігіне жеткен жұртшылықтың қуанышына аймақтағы тілшіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы ортақтасып қайтты.

Кенжекөл ауылының тұрғындары қысты көңілсіз қарсы алатын. Елді мекендегі ескі қазандық әбден тозып, жылу болар – болмас берілетін. Зейнеткер Қатима Бисенова енді ол күндер артта қалды дейді. Қазір оның пәтері жып – жылы. 

Қатима Бисенова, зейнеткер:

- Тоңып отыратынбыз. Құдайға шүкір енді соған жеттік әйтеуір 12 жылда әйтеуір. Бұрынғы әкімдер айтатын что, частный деп. Частныйға қарамай салғандарына рахмет бәріне де.

Ескінің аты ескі. Сондықтан жергілікті билік өкілдері жаңа қазандық пен жылу желілерін салуға бюджеттен қаржы бөлді. Қазір орталықтандырылған жүйеге 5 әлеуметтік нысан, 2 көпқабатты үй мен коттедждер қалашығы қосылған. 

Медет Сансызбаев, Кенжекөл ауылдық округінің әкімі:

- Біз мұнда автономный электр күш қуатын қарастырған болатынбыз. Егер желіде ақаулар болса ол автоматты түрде өзі қосылып, атқаратын болады істі.

Жаңа қазандық 12 мың шаршы метр аумақты жылыта алады. Бұл тұтынушылардың тағы үштен бір бөлігін қосуға мүмкіндік береді. Әзірге, оның тарифі белгіленбеген. Қазір әкімдік нысанды коммуналдық меншікке өткізіп жатыр. Ал, халық дән риза. 

Гүлбақыт Әбішева, Кенжекөл ауылының тұрғыны: 

- Бұрын 10 – 12 төлейтінбіз. Қазір енді білмеймін қалай болатынын. Қазір несімен қанша жазып беретінін білмейміз енді. Қанша болса да енді біз осыған шүкір, рахмет.

Биыл Кенжекөл едәуір өзгерді. Ауылда көшелері асфальтталып, дене шынықтыру кешені салынып жатыр. Осының бәрін халық атынан сайланған әкім қадағалап жүр. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Ербол Әбішев, Марат Игіліков