Маңғыстауда ауыз су жетіспейді

Әсіресе, жаз айлары тәулігіне 55 мың текше метрге дейін тіршілік нәріне тапшылық байқалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шөлейт өңірде табиғи су қоры аз. Осы себепті Каспий суы халыққа тұщытып беріледі. Сорғы станциясы мен 18 шақырымдық су желілері салынуымен мәселе біршама шешілуі тиіс.

Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі:

- Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асады. Келер жылдың басында тәулігіне 5 мың текше метрден су беріле бастайды. Жыл соңына дейін станция 20 мыңдық толық қуатына шыққан жағдайда Ақтаудың бір бөлігін және Түпқараған ауданында 2 ауылда су мәселесі шешіледі.

Тимур Турлов, «Freedom holding corp» бас атқарушы директоры:

- Ауыз су адамзат үшін ең қажет нәрсе. Облыс халқын сапалы тұщы сумен қамтуға бағытталған жаңа жобаға атсалысып жатқанымызды мақтан тұтамыз. Аймақты көркейту арқылы мемлекет қуатын арттыруға серпін беруге боларын біз терең түсінеміз.

Бердібек Қартбаев, облыстық Энергетика және түкш басқармасының басшысы:

- Сол зауытта ЦУВС-4 дейтін бар. Қаланы сумен қамтамасыз ететін тораптың бірі. Соған дейін су құбырын салу жоспарланып отыр. Бұл, бізде жаңа жүзеге асып жатқан 9 жобаның бірі болып саналады.

Биыл Президент Тоқаев қазақстандық кәсіпкерлермен кездесуінде отансүйгіштік және әлеуметтік жауапкершілік танытуға шақырғаны мәлім. Маңғыстау үшін аса маңызды жоба 2023 жылы толық іске қосылады. Құрылысын жергілікті коммуналдық мекеме жүргізеді. Айта кетейік, осы айда «Freedom Holding Corp.» компаниясының еншілес ұйымы «Freedom Finance Global PLC» ұлттық ESG клубына қосылды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев