Хромтау қаласында құрылысы үш жыл бұрын басталған - сауықтыру кешені әлі тапсырылмады

Хромтау қаласында құрылысы үш жыл бұрын басталған - сауықтыру кешені әлі тапсырылмады

Әу баста пандемия кедергі деді. Кейін құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Әйтеуір сылтау көп.

Қазір төрт қабырғасы көтерілген нысан қаланың көркін бұзып тұр. Жоспар бойынша бұл ғимаратта қазір 200 бала түрлі үйірмеге қатысып жатқан болар еді. 

Хромтау қаласының жаңа ықшам ауданында салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешені осы.  Қабырғасы қаланып, өрт кезінде сумен қамту жабдығы ғана орнатылыпты. Басқа дым жоқ.  Ал жоба бойынша екі қабатты ғимаратта волейбол, баскетбол, курес, гимнастикаға арналған зал мен жаттығу бөлмелері болуы керек. Бірақ, соңғы бір жылдан астам уақыт бойы құрылыс тоқтап тұр. Себебі, қажетті материалдар қымбаттап кеткен. Мердігердің құрылысыт жалғастыруға шамасы келмейді. 

Магомед Гусейнов, мердігер мекеменің өкілі

- Қазір біз жобаға түзету енгізілуін күтіп отырмыз. Сосын ақша бөлінген соң жұмысты бірден бастап кетуге дайынбыз. Ол үшін қажетті мамандарымыз, жұмыс күші жеткілікті. Біз мойнымызға алған міндетімізден қашып отырғанымыз жоқ. Осыған дейін бөлінген 375 млн қаражатты толық игеріп болдық.

Қанша қаражаттың игерілгенін құрылыс басқармасындағылар да біліп отыр. Бірақ, спорт нысанындағы жұмыстың қашан қайта жанданатынын нақты айта алмайды. Себебі, әу баста 990 млн теңгеге бағаланған жобаға қай уақытта түзету енгізіліп болатыны белгісіз. Қазір жұмыс тобының қарауына берілген. Оның шешімі кейін тағы комиссия отырысында талқыланбақ. Сондықтан  кешеннің қашан салынып бітетінін айту қиын.

Аслан Жарасбаев, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Түзетудің өзінің рәсімдері бар. Яғни оны бірінші жұмыс тобының қарауына шығарамыз. Бюджеттік комиссия әрмен қарай оны қолдай ма, қолдамай ма, Ол жағы сол мәслихат депутаттарының құзырында. Енді шамамен баға  тағы да сол 300-400 миллионның үстінде ұлғаяды деген жоспар бар қазіргі бағамен есептегенде. Сонда миллиард 300, миллиард 400-дің шамасына барады.

Бұл құрылысы тоқтап тұрған өңірдегі жалғыз денешынықтыру-сауықтыру кешені емес. Бұдан өзге, облыстың үш ауданында дәл осындай жобалардың жүзеге асуы жіті бақылауға алынған.

Аслан Жарасбаев, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Ырғыз ауданында, Әйтеке би ауданында және Қарғалы ауданында болды. Олардың үшеуіне де түзету жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда мына екі Әйтеке би мен Қарғалыдағы спорт кешендерінің құрылысы жүріп жатыр да, Ырғыздағы спорт кешенінің мердігері анықталуда.

Бүгінде аймақ бойынша 40-қа жуық спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның оны жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов