Мұнайлыға 12 жаңа автобус қатынайды – Маңғыстау облысы

Енді Ақтаудан Мұнайлыға қарай №105 бағытпен 12 су жаңа автобус қатынайды. Маңғыстау облысындағы аудан тұрғындары бұған дейін қалаға «Паз» маркалы көліктермен келіп-кетіп жүрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тозған автобустар жиі жөнделетін. Жолаушы көптігінен орын жетіспеушілігі тағы бар. Енді мәселе шешілді. Отандық зауытта құрастырылған жаңа автобустардың әрқайсы 78 орындық. Салқындатқыш жүйе, жолақы қабылдау терминалы және бейнебақылау құралымен жабдықталған. Жоба құны 1,4 млрд теңге. Қоғамдық көліктер 7 жылға лизингке сатып алынған.

Құлжан Негізқараев, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

– Қарағандыда, өз елімізде құрастырылған автобустарды жіберген екен Маңғыстауға. Барлық жағдайы жасалған, тамаша автобустар екен. Азаматтар аман болсын. Біз қуанып жатырмыз.