Елордада Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесі басталды

Елордада Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесі басталды

Астанада Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Малғаждар Тәткеевтің айтуынша, жәрмеңке «Астана-Арена» стадионы маңында 29 және 30 қазан күндері өтеді.

«Бұл жәрмеңкеде өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер шамамен 650 млн теңгеге 850 тоннадан астам түрлі өнім әкелді. Қала тұрғындары мен қонақтары Ақмола облысы өндірушілерінің 50-ден астам азық-түлік түрін сатып ала алады», – деді Малғаждар Тәткеев тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, жәрмеңкедегі тауарлар бағасы нарық бағасынан шамамен 10-15%-ке төмен.

Атап айтқанда, облыс шаруалары 200 тоннаға жуық ет пен ет өнімдерін, 100 тонна сүт пен сүт өнімдерін, 13 тонна балық, 1 млн дана жұмыртқа, 25 тоннадан астам ұн, 100 тонна көкөніс, 200 тонна картоп және 8 тоннадан астам нан-тоқаш өнімдерін және басқа да тауарлар алып келді. Жәрмеңке алаңына сахна қойылған және келушілердің көңілін көтеру мақсатында өңір өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынады.