Қонаевтың көшелеріндегі муралдар тарихтан сыр шертеді

Қонаев қаласының келбеті өзгеріп келеді.

Көгалдандыру ісінен бөлек шаһардағы көп қабатты үйлердің қабырғасына ұлы тұлғаларымыздың бейнесі салынған. Бұл көрнекіліктер көшенің сәнін келтіріп қана тұрған жоқ, тарихымыздан да сыр шертеді дейді тұрғындар.

Қалаға кіреберісте тұрған тоғызқабатты зәулім үйдің қабырғасындағы Дінмұхаммед Ахметұлының асқақ бейнесі сәтті шыққан. Тау тұлғаның бейнесі бір жетіде салынып бітті. Шаһарда ұлы Абай мен кемеңгер ойшыл, ғалым әл-Фарабидің де бейнелері салынды. Қабырғадағы суреттерді көріп жүрген тұрғындар қаламыз ажарланып келеді дейді.    

Фариза Баяхметова, қала тұрғыны:

- Қаламыздың көркейгені халыққа жағымды әсер беріп жатыр. Бұрын соңды бұндай көрінбеген Қапшағай. Жаңадан нешетүрлі ғимараттар салынып жатыр. Суреттер салынып жатыр үйлерге. Соның барлығы бір әдемі әсер береді. 

Төлеубек Бөкейханұлы, қала тұрғыны:

- Ата-бабаларымзы көргенде тарихты елестеді. Абай, Әл-Фараби тұр. Оларды көбі білмейді ғой. Мынау кім деп қарайды. Ол бір шетінен сабақ.

Муралдар тақырыптық жанрларды да қамтиды. Биыл елімізде балалар жылы деп жарияланды. Соған сай мына үйдің қабырғасында «Бақытты балалық шақ» деген сурет пайда болды. Жалпы әр мурал көркемдік кеңесте талқыланып, бекітіледі. Қағаздағы суретті қабырғаға көшіріп, кескіндеп, бояуға 3-4 күн уақыт кетеді екен. 

Дархан Бөкенбайұлы, Қонаев қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Фасадтардың бәрі тематикамен боялады тағы да. Әлі де жалғастырып жатырмыз жұмыстардың бәрін. Жолдың бойындағы үйлерге  муралдарды көрінетіндей етіп салып жатырмыз. Ертең осы туристік қала болып, туристік кластерге қаланы көркейтіп жатырмыз. 

«Сонымен бірге Қапшағай көлімен байланысты суреттік композициялар бар. Айдынды көлде жүзген желкенді қайықтың,  қанат қаққан шағаланың, жағада ойнап жүрген балалардың  бейнелері көрініс тапқан. Биыл қалада осындай тақырыптарда 12 қабырға суреті салынды. Қаланы көріктендіру бойынша қолға алынған бұл бастама келер жылы да жалғасады» дейді мамандар.

А. Садуақас, А. Дүйсембаев