Арал ауданында шаруалар биыл алғаш рет 800 гектар алқапқа егін екті – Қызылорда облысы

Қызылордада қуаңшылық қайталанбауына ешкім кепіл бере алмайды. Сондықтан құрғақшылықтан қатты зардап шеккен Арал ауданындағы құмды аумаққа қоныстанған 11 ауылдық округтің тұрғындары тыңнан түрен салды. Теңіз маңын мекендесе де тіршілік нәріне жарымаған шаруалар биыл алғаш рет 800 гектар алқапқа егін екті. Оның 500 гектарына мал азығы, қалғанына бақша дақылдары егіліп, диқандар 4 мың тоннадай агроөнім жинап алды. Мұның бәрі ауыл шаруашылығын 3 бағытта дамытудың 3 жылдық жол картасы аясында жүзеге асып отыр.

Бұл – Аралда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алған алғашқы шара.

Мал-жан азығын дайындауға кіріскен аралдық шаруалар тамшылатып, жаңбырлатып және пленка астына егу әдісін қолданды. Соның бірі – Сексеуіл кентінің тұрғыны Ахметжан Боқанов. Отбасымен бірге қауын-қарбыз, асқабақ пен картоп еккен егінші 70 тонна өнім жинап, аудан орталығы мен көрші Ырғызға апарып өткізді. Дегенмен су тапшылығына байланысты 20-30 тоннадай бақша дақылдары күйіп кеткен. 

Ахметжан Боқанов, Сексеуіл кентінің тұрғыны:

- Су жетпеуіне байланысты осындай болып қалды іске аспай. 3 гектардай қауын-қарбыз. 8 гектардың 5 гектарынан өнім алдық. Қалғанына су жетпей қалды. Бөгет жөндеп берсе, осы өнімдерді халық жер еді. Енді бұны мал жейді болды. 

Сексеуілде жалпы кетпен-күректі серік еткен 6-7 отбасы бар. Шындасақ 100 гектар алқапты жайқалтуға қауқарымыз жетеді деп отыр. Бірақ оған аумақты суландыратын Құмсай бөгетінің қауқары жетпейді екен. Жарты ғасыр бұрын салынған гидронысанды ауыл тұрғындары асарлатып жамап-жасқайды. Бірақ су жолына алаңсыз құм шөккен қоймаға күрделі жөндеу қажет.   

Ахметжан Боқанов, Сексеуіл кентінің тұрғыны:

- Тың жерлер бар осы аумақта 100 га үстінде. Табиғи өзіміз жерді аударамыз. Сексеуіл тұрғындарына әкімдік берген жылда егіп жатқан халықтың жері. Ата кәсіп осы істеп келе жатқан, шөбін түсіріп аламыз.

Еркін Әбішев, Арал ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұған байланысты облыстан жұмысшы топ әкеліп, Құмсай бөгетіне ақау актісін жасап, облысқа ұсынып қойдық кезегінде тұр. Жоба сметалық құжаты жасалады, сосын қаржы бөлу жағын қарастырамыз. 2 көзді шлюз салынады. 300 метрдей бөгет көтеріледі. Ені 6 метр жоғарғы, астыңғы жағы 12 метр болу керек. Өйткені 2 млн су жиналған кезде анау-мынау дамбыны ысырып алып кетеді. 

Бұрынғыдай жем-шөпті алыстан арбаламай, жақыннан тасудың тиімділігін түйсінген шаруалар қысқы мал азығын жинап алды. Тек теңізге телміріп, егіншіліктен ауылы алыс болған аралдықтар енді арық-атыз, арналарды аршып, келер жылы егіс көлемін 3 мың гектарға ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Сондай-ақ...