Түркістан облысында жол жөнге келе бастады

Созақтағы бірнеше ауылды байланыстыратын облыстық маңызы бар жолдар жөнделіп жатыр. Аудан тұрғындарының айтуынша, бұл жолдарға соңғы 30 жылда асфальт мүлдем төселмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аудан орталығы Шолаққорғаннан шығып, қарт Қаратауды бойлай батысқа қарай созылған күре жол жолай Созақ-Қарақұр-Ынтымақ елді мекендерін басып өтіп, Қаратау ауылдық округіне барып тіреледі. Осы аралықтағы 152 шақырым жол әбден ескірген. Ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері басшылардан облыстық маңызы бар осы жолды жөндеп беруін сұрап келеді. Жақында Созақ – Шолаққорған ауылдарының аралығындағы жолға асфальт жабындысы төселе бастады.

Ердәулет Серкебаев, Созақ ауданының тұрғыны:

– Жол жөндеуді бастаған екен. Енді осы тезірек бітсе, халыққа дұрыс болар еді. Қанша жылдан бері істелінбей жатыр еді осы жол. Талай жылдан бері осы жерде жүріп, жолдың жаманын көліктің ходовкалары кетіп, талай жөндеуге ақшамызды құрттық.

Бұдан бөлек Созақ ауданында тағы бірнеше бағыттағы жолдар орташа жөндеуден өтіп жатыр. Мысалы, ауданды Жамбыл облысымен байланыстыратын Қ-56 жолының ұзындығы 39 шақырым. Бүгінге дейін соның 6 шақырымына асфальт төселген. Мамандар қалғаны келесі жылға өтпелі екенін айтады.

 Әлмұхаммет Сейдмұхтар, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

– Сонымен қатар Шолаққорған – Созақ елді мекендерін байланыстыратын 83 шақырым жолдың 18 шақырымы жөнделді. Қалғаны 2023 жылы жасалады. СозақҚарақұр елді мекенін байланыстыратын облыстық маңызы ҚК-57 автомобиль жолының 17 шақырымы жөнделді, қалғаны келесі жылға өтпелі.

Сондай-ақ бүгінге дейін аудан орталығы Шолаққорғанды Түркістан қаласымен жалғайтын облыстық маңызы бар ҚК-56 автомобиль жолының 15 шақырымы орташа жөндеуден өткен. Қазір 33 шақырымына асфальт төселіп жатыр. Қалғаны келесі жылы жалғасады. Жалпы Созақ ауданындағы облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу бірнеше кезеңнен тұрады. Оған облыстық бюджеттен 3 млрд-қа жуық қаржы қаралған.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш