Велошабандоз Ернат Мелісұлы Мұстафа Өзтүріктің басына барды

Велошабандоз әріптесіміз Ернат Мелісұлы 5555 шақырым жер жүріп, Ыстамбұлға табан тіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда Мұстафа Өзтүріктің басына барды. Абайдың ескерткішіне тағзым етті. Тағы біраз іс-шараларға қатысып, жергілікті жұртшылықпен кездесті. Қазақ баласының жарты әлемді айналып, Анадолы жеріне аяқ басқанына қуанып, күтіп алып жатқан ел көп. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған велошеру аяқталды. Журналист Ернат Мелсұлының сапарын көзіқарақты көрерменге жаңалықтар арқылы жеткізіп отырдық. Оған жанкүйер болмаған жан кемде-кем. Міне, араға 5555 шақырымды тастап, түріктің көне қаласы Стамбулға жеткен велошабандоз Мұстафа Өзтүріктің қабіріне тәу етіп, шеруді аяқтады. Әу бастағы мақсаты да осы еді. Яғни Ахмет Байтұрсынұлы туған ауылынан аттанып, қазақтың тағы бір қайраткер ұлы Мұстафаның рухына тағзым ету.

Әбдіраззақ Әлчі, Мұстафа Өзтүріктің туысы:

– Мұстафа Өзтүрік арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты бір жігітіміз еді. Бала күнінен балуан болатұғын. Тайваньға барып чемпион болып, Қазақстанға чемпиондық алып келіп, көңілімізді көтерді. Мен соның жанында болатынмын сол кезде. Өмір солай болды. Әйтпесе талай чемпиондарды шығаратын еді.

Стамбұлға барып тұрып, Абай Құнанбайұлының ескерткішін соқпай кету де мүмкін емес. Ернат Мелсұлы 55 күн бойы жанынан бір елі қалдырмаған, көк шүберекті осы ескерткішке байлады. Бұл Ахмет атамыздың туған топырағынан алып шыққан тәбәрік еді.

Ернат Мелсұлы, велошабандоз:

Велошеру өткізгенде сөре мен мәре маңызды. Сөре Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған үй-кесенесінен басталса, мәре алаштың арысы, қазақ пен түрікке ортақ ұлы Мұстафа Өзтүрік ағамыздың зиратында аяқтадым. Түпкі мақсатым Қазақстанды және әлемді аралап шығу.

Ернат қазір Стамбұлды аралап, түрлі жиындарға қатысып жүр. Оны күтіп алып, қонақ қылып жатқан жұрт та көп. Өзі елге қарашаның екісінде оралады.

Мерей Мұратханқызы