Кандидат Қарақат Әбден бие сауды

«Ұлылар мекені Абай облысына келіп, балалық шағымды есіме алдым». Семей маңындағы өндірістік кооперативтердің бірінде болған Президенттікке кандидат Қарақат Әбден осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төрт түліктің төлін баққан қазақ сүтін сусын, етін азық, өзін күш-көлік еткен. Осыны көкейіне түйіп, үлкендердің жолын қуған кандидат қолына шелек алып, бие сауды. «Үш бие – бұлақ, екі бие - ел асы, бір бие – жоқтың қасы» деген халқымыз. Сондықтан жас ұрпақ жылқы бағудың, оның ішінде бие сауудың айрықша қажеттігін түсіну керек», – дейді кандидат. Саумалдан қымыз пісудің сан қырын үйретуде маңызды. Кандидат ат басын бұрған өндірісте 80 бие сауылады. Күніне 400-500 литр қымыз дайындалады.

Қарақат Әбден, президенттікке кандидат:

– Ұлы Абайдың жеріне келіп, балалық шағымды есіме алып, өзім ауылда өскен, сиыр мен биені сауып өскен қазақтың қызымын ғой. Сондықтан біз үшін жылқы деген, қымыз деген өте ыстық.

Қ.ӘБДЕН ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ МЕРЕКЕЛЕРІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Сонымен қатар кандидат Семейдегі қарттар үйінде болып, мекеме ұжымын кәсіби мерекелері Әлеуметтік қызметкерлер күнімен құттықтады. Сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, сауалдарға жауап берді. Мекемеде қазір 136 әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Алғыс арқалайтын арда мамандық иелері мұнда 155 адамға қызмет көрсетеді.