Ташкент қазақтары А.Байтұрсынұлының 150 жылдығын атап өтті

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын Ташкент қазақтары да атап өтті.

Саналы ғұмырын ұлттың мақсат-мүддесіне арнаған қайраткердің есімі мәңгілік ел жадында. Бауырлас елдегі қазақ мәдени орталықтары осындай ұранмен білім ошақтарында әдеби кеш ұйымдастыруды бастады. Белгілі ғалым, ұстаздар өскелең ұрпаққа ұлы ағартушының өмір жолын, атқарған еңбегін насихаттады. Қазір Ахмет Байтұрсынұлы салған ізбен Өзбекстанда 350-ден астам қазақ мектебі жұмыс істейді. Білім беру бағдарламасында төл әліппеміз бар. Оқушылар мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына емтиханды қазақ тілінде тапсырады. Тарихи Отанындағы университетті таңдап, мемлекеттік грантқа иек арта алады.     

Өсербай Байқабылов, Шыршық мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті:

- Қараша айында Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы Низами атындағы педагогикалық университте халықаралық деңгейде өткізіледі. Оған да профессор оқытушылармен қатысу ниетіміз бар. Бұл кісінің әлі зерттелмеген жұмыстары қаншама.

Жақсылық Жорықбаев, Шыршық қаласы қазақ мәдени орталығының төрағасы:

- Өзбекстанда бірінші болып Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Бұл кісі қазақ тілі әдебиетінің қалаушысы болған. Түркітанушы болған. Бұдан былай әрі қарай жалғасады деген үміттемін. 

Әсем Өтепбергенова, мектеп мұғалімі:

- Мақсатымыз біздің Ахмет Байтұрсыновтың қандай екенін көрсетіп, тілімізді жоғалтып алмау. Келесі ұрпаққа жалғастыру. Кім екенімізді білу.