Қарағанды облысының ірі су қоймаларынан 4 жылға дейін балық аулауға болмайды

Қарағанды облысында биыл ірі су қоймаларына 420 мыңнан астам тұқы, жылтыр тұқы, сазан шабағы жіберілді. Енді 4 жылға дейін балық аулауға болмайды. 

Ол үшін мамандар су қоймаларын түгел зерттеп шықты. Тазартып, санитарлық жағдайын жақсартты. Содан кейін майшабақтарды арнайы көлікпен әкеліп төкті. Балықтың бұл тұқымы Орталық Қазақстанның климатына төзімді, әрі тез көбейеді. Олардың санын азайтып алмай, табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін қолдан өсім жасау маңызды. Бірақ оны үнемі бюджет есебінен іске асыру қиын. Сондықтан қараусыз қалған су қоймаларын жекеменшікке беру жағы қарастырылып жатыр, - дейді мамандар. Оның үстіне биыл питомниктерге қойылатын талап күшейген.

Денис Муштаков, Қарағанды балық питомнигінің директоры:

- Көлге жіберілетін майшабақтың салмағын биыл 20 грамға дейін өсіріп жіберді. Ал Қарағанды өңіріне қатысты нормативтік құжаттарда 12 грамм деп анық жазылған. Енді ол көрсеткішке жету үшін шабақтарды питомникте ұзақ ұстауға тура келеді. Ал бұл кезде күн салқындап, суға мұз қата бастайды. Биыл абырой болғанда, күз жылы болды. Сондықтан бұл талапты өзгертуді сұрап, қазір балық шаруашылығы комитетіне хат жолдадық. Келіссөздер жүріп жатыр. Келешекте дұрыс болады деп ойлаймын.