Райымбек ауданында 110 мың тоннадан астам картоп жиналды

Алматы облысының Райымбек ауданындағы шаруалар биыл 5 мың 500 гектар алқапқа картоп егіп, орташа есеппен әр гектардан 218 центнерден өнім алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кооперативке біріккен шаруашылық қожалықтарындағы өнімділік көрсеткіші бұдан әлдеқайда жоғары. Алдыңғы қатарлы, техникасы сақадай сай ауыл шаруашылығы құрылымдарында жиын-терім кезіндегі түсім 350 центнерге дейін жеткен. Осылайша Нарынқол өңірінің шаруалары биыл 110 мың тоннадан астам картопты қар мен үсікке ұрындырмай жинап алды. Бұл сервистік дайындау орталығы 2018 жылы құрылды. Құрамында 5 шаруа қожалығы бар. Кооператив 300 миллион теңгеге жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған. Биыл 83 гектар алқапқа картоп екті. Соның тең жартысына жуығы жаңа тұқым. Аудандағы орташа өнімділік 21-22 тоннадан айналса, алдыңғы қатарлы шаруашылық қожалықтары әр гектардан 350 центнерден өнім алған. 

Қуат Қанат, шаруа қожалығының іс басқарушысы:

40 гектарға картоп салдық. Жаңа сорттар келді. Бізге 3 жаңа сорт келді. «Аризона» Голландиядан келді ол жаңа сорт. Одан кейін «Джувель», «Гала» деген 3 жаңа сорт келді. Биылғы өніміміз жақсы Аллаға шүкір. 35 тоннадан берді гектарына біздің жерімізде.

Марат Себдайыров, сервистік дайындау орталығының төрағасы:

– Тәубе, былтырғыға қарағанда ауа райы биыл қолайлы болды. Былтыр қазанның екісінде қар басып қалған. Биыл науқанды ешқандай үсікке, қарға ұрындырмай, дер кезінде жинап алдық.

Райымбек ауданынындағы картоп сақтау қоймаларына биыл 110 мың тоннадан астам өнім жиналды. Қазір мұнда картоп сұрыптау жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Дильфуза Сметлаева, картоп сұрыптаушы:

Жұмыс процесі жақсы. Біз екі сортқа айырып жатырмыз. Сатылымға және тұқымға ажыратып жатырмыз.

Кооперативте тұқымдық картоп 110-160 теңге аралығында саудаланады. Жергілікті атқарушы билік тауарлы өнімді делдалдардың көмегінсіз өткізуге қолдау көрсетіп отыр.

Марат Себдайыров, сервистік дайындау орталығының төрағасы:

– Жалпы картопты бүгінгі таңда облыс әкімшілігінің нақты көмегінің арқасында қазір «Алтын Орда» базарында біз тегін тұрып сатамыз. Менің өзім екі рейс апардым. Жаңағы базарда Райымбек ауданына екі орын бөліп қойған. Оның үстіне бізде ортада делдал жоқ. Өтуі жақсы негізі. Картоптың орташа бағасы қазір 120-140 теңге ғой.

Сервистік дайындау орталығы биыл аудандағы игерілмей бос жатқан жер көлемі есебінен қосымша 100 гектар суармалы жер алды. «Аудандық әкімдік тарапынан бізге тағы 200 гектардай жер қарастырылып жатыр. Сондықтан алдағы жылы картоп егетін алқап көлемін екі есеге, болашақта оны 3-4 есеге дейін ұлғайту туралы жоспарымыз бар», – дейді кооператив мүшелері.

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев