Балқашта абаттандыру жұмыстары қарқын алды

Балқашта асық ойнайтын алаң пайда болды. Тұрғындардың сұрауы бойынша саябақ ішінен арнайы жер бөлініп, ол ұлттық спортты дамытуға ыңғайлы етіп жасалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңайына 5 асықтың мүсіні қойылыпты. Әрқайсының салмағы 30 келі, ұзындығы 1,5 метрді құрайды. Үлкен асықтар алшы, тәйке, бүк, шік және омпа түрінде орналастырылған. Дәл жанында алып шахмат алаңы да бар. Ала тақтаға барлық тастар қойылған. Кез келген адам келіп, ойнауға болады. Бұдан бөлек қаланы абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша да жүзеге асып жатыр. Әуелде комиссия қарауына 10 жоба түскен. Бірақ көпшілігі балалар алаңын салуға дауыс беріп, авторы Ермек Алшымбаев жеңімпаз болды. Қазір қазынадан бөлінген 20 миллион теңгеге ойын алаңы тұрғызылды. Бұл жергілікті тұрғындардың қатысуымен жүзеге асқан Балқаштағы алғашқы жоба.

Ермек Алшымбаев, балалар алаңы жобасының авторы:

– Негізі «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бұл тек қана жобалық-сметалық документ дайындау ғана емес, одан әрі мердігер компаниялармен бірге жұмыс істеу екен. Бұл мен үшін алғашқы тәжірибе. Мердігер компаниямен осында орналастырылған заттардың, жабдықтардың бәрін өзіміз таңдадық. Оның орналастырылуы, халыққа ыңғайлылығы бәрі өзімізбен ақылдасып шешілген.