Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысы артады

Пандемия әсерінен өткен жылдары Қызылорда облысында құрылыс көлемі едәуір азайып кеткен болатын.

Әсіресе тұрғын үй салу бәсеңдеуіне байланысты 2 мыңдай шаршы метр қысқартылды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 20 миллиард теңгеге басталған 100 үйдің 39-ы ғана пайдалануға беріліп, баспана кезегінде тұрғандар саны артып кетті. Жергілікті билік құрылыс саласында кеткен есені биыл және келер жылы еселеп қайтарамыз деп отыр.

Бір ғана Қызылорда қаласында өз үйін, өлең төсегін күтіп жүргендердің саны отыз мыңға жуықтап қалған. 9 жыл сарыла күтіп, өйтіп-бүйтіп арендалық пәтерге қол жеткізген жанның бірі Айнұр Жұмабекова. 7 баласы бар ана мемлекеттік бағдарлама болмаса 3 бөлмелі пәтер алуға шама жетпейтін еді дейді. 

Айнұр Жұмабекова, Алтын алқа иегері:

- Тегін тек айына 7200 тг арендасын төлеп отырамыз, ол да болса үлкен көмек. Мемлекет тарапынан тағайындалған жәрдемақы беріліп жатыр. Жан жейма, жақ жейма дейді. Үйде бала саны көп болса бірінші тамақты түгелдейміз. Одан кейін оқитын болса балаға киімі керек. Одан әрі жоғары оқу орнына түссе тағы қаражатқа келіп тіреледі. Үй алу соңына қалып қояды.

Жыл соңына дейін апатты үйде тұратын 100 отбасына жаңа баспана беріледі. Сондай-ақ «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 500 салымшыға пәтер кілттері табыс етіледі. Одан бөлек жергілікті «Бақытты отбасы» жобасы арқылы да жайлы қонысқа көшу тетіктері ұсынылады. Дегенмен, ол да баспана кезегінің азаюына сеп болмайды. 

Гүлмира Пазылова, тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі:

- Себебі биыл 3 баласы бар отбасы келесі жылы 4 балалы болуы мүмкін. Отбасы санының көбеюі немесе бюджеттік мемлекеттік салаға жас мамандардың орналасуы кезектіліктің тұрақты өсуі күнделікті тоқтамайтын жағдай.

Үйі жоқтардың пәтер жалдау ақысының жартысын мемлекет өтеп береді. Бірақ бәріне бірдей емес. Десек те, биылғы жылдың оң жаңалығы осы.  

Гүлмира Пазылова, тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі:

- Кезекте тұрған 1,2-топ мүгедектеріне, мүгедек бала тәрбиелеуші отбасыларына, көп балалы отбасыларға және жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға кезегі келгенге дейін банкке барып өтініш беріп, жалдап отырған пәтерінің 50% ақысын субсидиялау арқылы алуына болады. 

Қамбар Бекенов, тілші:

- Тұрғындарды баспанамен қамту үшін жергілікті билік құрылыс қарқынын арттырамыз деп отыр. Бұл ретте Қызылордада алғаш рет 12 қабатты тұрғын үйлер бой көтермек екен. Сырдарияның сол жағалауынан бой көтеретін нысандардың жобасы дайын, енді уақытылы салына қойса игі.

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов