Әулиекөлде салынған жаңа үйлердің ауласын су басты

Толассыз жауын-шашын салдарынан Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы 12 жаңа үйдің ауласын, сондай-ақ көшелерін су басты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бірлік» шағын ауданының тұрғындары осыдан 10 күн бұрын қоныс тойын тойлаған. Жедел түрде салынған 91 үй орман өртінен зардап шеккендерге арналған. Қазір көбінде кәріз құдықтары суға толып біткен. Тұрғындар жуына алмай қиналып отырғандарын айтады. Кей жерлерде баспаналардың іргетасын да су шайып кеткен. Төтенше жағдайды жою мақсатында аудан әкімдігі жанынан жұмысшы топ құрылды. Олар үйлердің аумағында жиналған суды мотопомпалармен тазартып жатыр.

Ерлан Теменов, Әулиекөл ауданының әкімі

Екі мотопомпа істеп жатыр. Тағы да 25 адамдай жұмылдырылған біздің ТКШ бөлімімен. Мұнда әкімдік қызметкерлері, мердігерлер бар. Үйлеріне ешқайсысының су кірген жоқ. Жобалық институт жұмыстарын жалғастырады. Суды бұру, арықтар дейміз. Енді ол жоба бойынша жұмыс жалғасады.