loader


Ұлытау облысында үш жылда 60-қа жуық үй салынбақ

Үкіметте Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары мақұлданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құжат 9 бағыт бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды. Сонымен алдағы 5 жылда облыста қосымша 9,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Өңірде индустриялық бағдарламаларға, кәсіпкерлік және агроөнеркәсіптік кешенге басымдық беріледі. Аталған жұмыстарды жүзеге асыруға 1,8 трлн теңге инвестиция тартылады.

Өңірде кен қоры 30 жылдың шамасында түгесілетін түрі бар. Сондықтан алдағы жоспар-минералдық-шикізат базасын кеңейтіп, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу. Дегенмен шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылу керек. Бұр ретте қолдап жіберсе, өңірде мал шаруашылығы қарқын алары сөзсіз. Облысқа қарасты қос ауданның шаруашылығы ата кәсіпке бейімделген.

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

– Біз қазір ең басым бағытты ауылшаруашылығына бөлеміз деп жоспарлап отырмыз. Ет комбинаты керек бізге, құс етін, тауықтың жұмыртқасын, сүт өнімдерін өңдейтін жобаларға инвестиция тартып жатырмыз.

Облыс орталығында тұрғын үй мәселесі өткір. Себебі түсінікті. Соңғы ширек ғасыр үй салынбады. Оның үстіне Жезқазған мен Сәтбаев қаласында 50-ге жуық апатты деп танылған үй бар.

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

Әсіресе үй құрылысы, үлкен қарқынды жұмыс басталады. Алдағы 3-4 жылда Үкіметтің, демеушінің және өзіміздің бюджетімізден кем дегенде 3 шағын аудан, 60 үй соғу жоспарда тұр. Алдағы 2 жылда бұл. Оның үстіне басқа кәсіпкерлердің өзі соғып отқан үйлері болады. Оған да қаражат бөліп, олардан пәтерлерді сатып аламыз.

Әлеуметтік салада 47 жаңа нысан салынады. Ауылдық жерлерде 14 фельдшерлік-акушерлік пункт, 9 мектеп және 10-нан астам спорт нысанын салу қарастырылған.

Серік Нұрмағанбетов, Жезқазған қаласының тұрғыны:

Үмітіміз зор. Жоспар көңілімізден шықты. Енді бәрі жақсы болады деп ойлаймыз. Соны күтеміз халық боп.

Бекежан Жаппаров, Жезқазған қаласының тұрғыны:

Мына 5 жылдық жоспар құрылды дегенге өте қуаныштымыз. Ұлытау облысы болды дегенге қуанып, төбеміз көкке жеткендей болып қуанып қалып едік.

Жастардың білім қуып үлкен қалаларға ағылуы азаймай тұр. Сондықтан келер оқу жылынан бастап Жезқазғанда жаңа мемлекеттік техникалық университет ашылады. Ауқымды істер жоспарланған құжаттың Үкіметте мақұлдануы облыс құрылып қуанған тұрғындардың қуанышын еселеді. Ендігі мақсат – жоспарды нәтижелі жүзеге асыру ғана.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов

 

 

Сондай-ақ...