Абай облысында ауыл жолдарына асфальт төселіп жатыр

Абай облысында ауыл жолдары ұзақ жыл бойы жөндеу көрмеген. Биыл Көкпекті ауданында 20 шақырымға жуық қара жол жаңа кейіпке енді. Өңірде келесі жылы 5 ауылдың жолын жөндеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Он төрт мыңнан астам халық тұратын Көкпекті ауданында жолы асфальт көрмеген ауылдар әлі де бар. Соның бірі – «Теректі – Шұғылбай» бағытындағы тас жол. Биыл тұрғындардың көп жылғы тілегі орындалып, екі ауылды жалғайтын 15 шақырым жолдың жартысына асфальт төселді.  

Гүлбаран Ақшабаева, Теректі ауылының тұрғыны:

– Отыз жылдың жүзі болды. Біздің Шұғылбай мен аудан арасына қатынау өте қиын болды. Себебі жолға жөндеу жұмыстары жеңіл-желпі ғана жүргізілетін. Биылғы жыл құтты жыл болды. Шұғылбай мен Көкпекті арасындағы жолға асфальт төселді. Бұл тұрғындар үшін өте қуанышты жағдай.

 «Теректі – Шұғылбай» тас жолының қалған бөлігіне келесі жылы асфальт төселеді. 2023 жылы ауданда ұзындығы 50 шақырымға жуықтайтын 5 ауылдың жолын жөндеу жоспарланған.

Ділдәбек Оразбаев, Көкпекті ауданының әкімі:

– Үлгілі малшы мен Көкжайық ауылының арасы 25 шақырым. Оны келесі жылы бастаймыз. «Өрнек» шаруа қожалығына баратын 9 шақырым жол бар. Оған жобалық-сметалық құжат өткізіп қойдық. Одан бөлек ауылдың ішіндегі жолдарды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Өйткені сын көтермейді. Жобалық-сметалық құжаттарын дайындап отырмыз.

Абай облысында биыл ұзындығы 217 шақырым болатын облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу үшін 19 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал 2023 жылы 300 шақырымға жуық жолды жаңғырту жоспарланып отыр.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы