Қазақстан онлайн қызмет сапасы жағынан алғашқы ондықта

Қазақстан онлайн-мемлекеттік қызметтерді дамыту бойынша топ 10 елдің қатарына енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онлайн-қызметтердің сапасы жағынан жалпы әлемдік рейтингте 8-орыннан көрінді. Бұл көрсеткішке әлемнің алпауыт елдері кіреді. Ал БҰҰ жүргізген зерттеу рейтингінде «Электронды Үкіметті» дамыту бойынша 28-орынға ие болып, ұйымға мүше 193 елдің арасында Канада, Ресей, Қытай, Түркия және Ирландия сынды елдерді басып озды.

Айта кету керек, 2016 жылдан бастап еліміз 10 позицияға көтерілген. Ұйым өкілінің айтуынша, Қазақстан электронды үкіметті дамыту саласында озық тәжірибеге сүйеніп отыр.

Винченцо Акуаро, БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментінің басшысы:

– Қазақстанның «Электронды Үкіметті» дамыту саласындағы озық тәжірибесін ерекше атап өткім келеді. Оны әлемнің басқа елдеріне де тарату қажет. Мысалы, автокөлікті қайта тіркеу қызметінің онлайн нұсқасы көп елдің қызығушылығын туғызады. Атап айтсақ, Еуропада азаматтар дәл осындай қызметтің жоқтығынан қиындықтарға тап болады.

Дәулет Бекманов, мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің төрағасы:

– Рейтинг үш түрлі бағыт бойынша жүргізіледі. Біріншісі – инфраструктура, яғни біздің интернетіміз кімге, қалай жеткізіледі? Екіншісі – адами капитал, үшіншісі – электрондық сервистер бойынша. Міне, сол электрондық сервистер бойынша бірінші ондыққа кірдік. Өзіміздің жоспарымыз бар. Бүкіл қызметтерді практивті түрде көрсету.