Ақшаны қалтаға басып, тайып тұратын «жиһаз жасаушылар» көбейді

Жиһаз өндірісі жанданған уақытта алаяқтар айылын жияр емес.

Мәселен, Астанада алданып қалған тұрғындардың саны азаймай тұр. Пысықайлар тапсырыс берушіге келіп, өлшем жүргізіп, оның жалпы сомасының 70 процент ақшасын  алдын ала алған соң ұшты-күйлі жоқ болады. 

Алаяқтардың  уәдесіне сеніп, торына түсіп қалған тұрғын көп. Соның бірі Азамат Рахмет. Әу баста шебердің өзі тапсырған жиһаздың қаңқасын орнатып кеткенімен, кейін ұшты-күйлі жоқ болды. Содан бері бір жыл өтті. 

Азамат Рахмет, қала тұрғыны:

- Көп уақыт өтті. Тапсырысымды алған шебер  бір жылдан бері есігімнен әлі бір сығаламады. Қоңырауға мүлде жауап бермейді. Кредит алып, бір жарым миллион ақшаны шотына аударып жібердім. Жиһаз да, ақша да, өзі де жоқ. Үйдің барлығын жабдықтауға тапсырыс берген едім. Енді не істерімді білмей отырмын. 

Азамат Рахмет әлеуметтік желіде жарияланған жарнамаға сеніп, жиһазға тапсырыс береді. Ақшасын да келісімшартта көрсетілгендей бірден шотқа аударады. Алайда кейін анықталғандай құжат жалған болып шықты. Осы шебермен заңды күші жоқ келісімшарт бекіткен он шақты тұрғынның бәрі алданып қалған. Қазір тергеу жұмысы жүріп жатыр. 

Серік Берқамалов, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ Астана филиалының төрағасы:

- Жиһаз жасатуға арналған келісімшартқа өте мұқият болу керек. Онда тараптардың деректері, құқықтары мен міндеттері жазылады. Тауар қашан толық дайын болатыны, ақшаны қай уақытта төлеу керек екені сол жерде көрсетіледі. Егер тапсырыс уақытылы аяқталмаса қандай айыппұл төленетіні келісім шартта болуы керек.

Мамандардың айтуынша, адамдардың өз құқығын толық білмеуі – алданып қалудың басты себебі. Тіпті солай болғанның өзінде де әрі қарай не істеу керек екенін көбі біле бермейді. Сонымен бірге жауапсыз кәсіпкерлердің арнайы тізімін жасау керек дейді. Сонда ғана адамдарды алдайтындарды анық байқауға болады.

Светлана Романовская, Қазақстан ұлттық тұтынушылар лигасының  басқарма төрағасы:

- Тұтынушылар алданып қалған жағдайда бізге жүгінсе, көмектесуге әзірміз. Шағым бойынша жедел әрекет етеміз. Біріншіден, біз адамдарға кеңес береміз, белгілі бір жағдайда өзін қалай ұстау керектігін айтамыз. Екіншіден, біз тек Сенім телефондары бойынша ғана емес, кеңседе де кеңес береміз. Әлеуметтік желілерде парақшаларымыз бар. Барлық инстанциялар бойынша жетекшілік етеміз.

Сала мамандарының айтуынша, қомақты қаржыға тауар алатын кезде тек тексерілген адамдарға жүгіну керек. Келісім-шарттың заңды екеніне көз жеткізіп барып қол қою қажет. Сондай-ақ киви әмиян арқылы аударымдар жасағанда сақ болу маңызды екенін ескертеді. 

Гүлзия Нақыпқызы

Сондай-ақ...