Шахтинскідегі апатты тергеумен үкіметтік комиссия айналысады

«Арселор Миттал Теміртау» шахталарының бірінде болған апатқа қатысты «Тау-кен немесе құрылыс жұмыс-тарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Өкінішке орай осы уақытта, келіп түскен ақпаратқа сәйкес 5 жұмысшы қаза тапқан. Тағы төртеуі ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендер, метаннан улану диагнозымен, медициналық мекемеге жеткізілген. Сондай-ақ, екі жұмысшыда, түрлі дене жарақаттары бары анықталды.

Тағы да шахтадағы апат...адам шығыны... сақталмаған қауіпсіздік шарасы. Бұл жолы 5 адамның өмірі үзілді. "АрселорМиттал Теміртауға" қарасты кен орнында қайғылы оқиға болды. Төрт кенші ауруханаға түсіп, бір жұмысшы іздестіріліп жатыр. Жауапты министрліктің мәліметінше, бүгін шамамен түнгі сағат үште ұңғыманы бұрғылау кезінде газ шыққан. 

Қолда бар алдын-ала ақпарат бойынша, үшінші қараша күні түнгі сағат үште Шахтинск қаласындағы арселлор миттал теміртау ақ-ның Ленин атындағы шахтасындагазды дренаж скважиналарды бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде газдың шығу салдарынан 5 жұмысшы қайтыс болды. Қазіргі таңда 4 жұмысшы ауруханаға жатқызылды. Алдын ала ақпарат бойынша 106 жұмысшы оқиға орнынан эвакуацияланды.Аварияны тергеу жөніндегі комиссия құрылуда, тергеу нәтижесі бойынша оқиғаның себептері анықталатын болады.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Арман Қалықов кен орнында болған апаттан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Оқыстан қаза тапқандардың жақындары мен отбасыларына көңіл айтты.

Арман Қалықов, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің директоры:

- Апат кезінде шахтада жер астында 106 адам болған. Оның 101-і эвакуацияланды. 5 адам қайтыс болды, қазіргі уақытта төрт адам ауруханада жатыр. Қазір авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Біз қаза тапқандардың отбасыларына, кеншілеріміздің әріптестеріне көңіл айтамыз. Қаза тапқандардың, зардап шеккен шахтерлердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі.

Еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смаилов шахтадағы апаттың себебін тергеп-тексерумен айналысатын үкіметтік комиссия құрылатынын мәлімдеді. Үкімет басшысы биылғы жылдың жазында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-на іссапармен жолы түскен кезде Компания басшылығына қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету керектігін қадап айтқан. Тапсырма берген. Өндіріс орнын жаңғыртуға инвестиция бөлу жөнінде жан-жақты шаралар қабылдау қажеттігін ескерткен. Бірақ, соған қарамастан қайғылы жағдайлар азайма тұр. Бүгін ауруханаға түскен жұмысшылардың жағдайы орташа ауыр халде. Авиациямен дәрігерлер бас қаладан жолға шыққан. Барлық қажетті жағдай жасалады,-деді жауаптылар.

Талғат Жүкен, көп салалы аурухана директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары:

- Шахтинск қаласының орталық ауруханасына төрт зардап шеккен адам жеткізілді. Диагнозы - метанмен улану. Зардап шеккендердің екеуі токсикология бөліміне ауыстырылды, уланудан басқа тағы екі шахтер әртүрлі дәрежедегі жарақаттар алған. Олардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде.

Кен орнында 830 метр тереңдікте құтқару жұмыстарына 35 адам қатысты. Оқиға кенеттен болғандықтан, кеншілер арнайы құрылғыларға қосылып үлгермей қалған, - дейді құтқарушылар. Енді бұл оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігімен іс қозғалды.

Гүлзия Нақыпқызы