loader


Қостанай облысында қызамық ауруы өршіді

Жұқпалы ауру былтырмен салыстырғанда жеті есе артқан. Жыл басынан бері 97 балаға осындай диагноз қойылыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызамықтың тұмау сияқты басқа да инфекциялық аурулардан айырмашылығы қандай ? Қызамық негізінен балаларда кездеседі. Бұл ауруды «күлгін безгегі» деп те атайды. Себебі дене мен тілге бөртпелер шығып, тамақ ісіп, буын ауруы байқалады. Маңдай мен бет қызарып, мұрын айналасы бозарады.

Гүлім Досымова, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Елімізде қызамық ауруы үш жылдан жеті жылға дейінгі циклдік сипатқа ие. Облыста сырқаттану деңгейі 11 процентке тең. Бұл Қазақстан бойынша жалпы сырқаттану көрсеткішінен үш есе төмен.

Науқас балалар стационарлық ем қабылдау үшін ауруханаға сирек түседі. Көп жағдайда ауруды үйде учаскелік дәрігердің бақылауымен емдейді. Медициналық көмекке кеш жүгіну өмірге қауіпті.

Саят Бәшеев, облыстық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:

 

Әсіресе 12-13 жастан асқан балалардың ата-ата-аналары бұған назар аудармайды. Тұмау деп жүре береді. Ауру асқынған жағдайда  жүрекке, бүйрекке әсер етіп пиелонефрит ауруына әкеледі.

Әсел Кәкенова, дәрігер:

– Емдеу шараларына келетін болсақ, әдеттегідей инфекциялық ауру ретінде емдейміз. Қызу түсіретін дәрі, арнайы жақпа майлар. Тұмауға ұқсас.

Қызамыққа қарсы ешқандай екпе жоқ. Ол қызылша сияқты ауа тамшылары арқылы жұғады. Сондықтан инфекциядан сақ болу үшін гигиенаны сақтап, жақсы тамақтану керек. Иммунитетті нығайтып, адамдар көп жиналатын жерлерге барудан аулақ болған жөн деген кеңес айтады дәрігерлер.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Сондай-ақ...