Елде техникалық мамандарға сұраныс көп

Жұмыс берушілер мен болашақ мамандарды табыстыратын іс-шара. Евразия ұлттық университетінде бос орындар жәрмеңкесі өтті. Оған 40-тан астам компания қатысып, жастарға 1000-нан аса бос жұмыс орнын ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жәрмеңке бұрынғы жәрмеңкеден өзгерек. Жұмыс ұсынушы компаниялардың алдында бұрынғыдай том-том түйіндеме, брошюра, ұзын-сонар тізімі бар тіркеу журналы жоқ. Бір жапырақ қағазға басылған кюар код қана. Іс-шараға қатысып жатқан мекемелер жайлы мағлұмат үшін сол бір кодты сканерлеу жеткілікті. Жоғарғы курс студенттері сілтемеде көрсетілген  электронды поштаға түйіндеме жіберіп әлек.

Арман қуып келген жастарға 40-тан астам жұмыс беруші 1000-нан аса бос орын ұсынып отыр. Әсіресе техникалық бағыттағы мамандарға сұраныс көп.

Ольга Петрова, адами ресурсты басқару бөлімінің жетекшісі:

– Бізде автосалон болғандықтан, механик, автодәнекерлеушілер және сервистік қызметкерлер – авто кеңесшілер қажет. Мұнда келген жастардың қарасы қалың, әрине. Бірақ бізге қажет маман саны аздау. Көлік және көлік техникасы мамандығын оқып жатқандар келе ме деп үміттеніп едім.

 

Бос орындар жәрмеңкесін «Астана жастары» ресурс орталығы 2014 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Жұмыс беруші мен болашақ қызметкерді табыстыратын іс-шара әр тоқсан сайын өткізіледі.

Марат Тілеулин, «Астана жастары» ресурс орталығының жетекшісі:

– Біз тұрақты түрде сауалнама жүргіземіз. Ең алдымен жастарға сауал жолдаймыз. Орта және жоғарғы оқу орындарында жастармен үнемі байланыстамыз.  Оларды не қызықтырады? Гуманитарлық, педагогикалық немесе техникалық бағыт па? Алдымен осыны анықтаймыз. Бұдан кейін қаладағы кәсіпкерлік нысандардың тізімін талдап, маманға зәру компанияларды жәрмеңкеге қатысуға шақырамыз.

Орталық жүргізген мониторингке сәйкес мұндай жәрмеңкеге келген жастардың 30 процентке жуығы көп ұзамай жұмысқа орналасып жатады.

Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев