Ақтөбеде коммуналдық кәсіпорындар қысқы маусымдық жұмысқа кірісіп кетті

Ақтөбенің коммуналдық кәсіпорындары қысқы маусымдық жұмысқа кірісіп кетті. 

Облыс орталығының тазалығына биыл он мердігер компания жауапты. Сондықтан қар шығару жылдағыға қарағанда уақытылы әрі сапалы жүргізіледі деген сенім бар. 

Бибата Боқаева жұмысын ерте бастап, кешқұрым аяқтайды. Себебі қаланың 28 көшесіндегі тазалыққа тікелей жауапты. Сондықтан таңғы алтыдан бастап өзі басқаратын жұмысшылар тобын әр аумаққа бөліп, ісін бақылайды.  Бұл іспен айналысып келе жатқанына жақында ширек ғасыр болған. Осы уақыт аралығында шаһардың санитарлық жағдайына қосқан үлесі мол.  

Бибата Боқаева, коммуналдық кәсіпорынның учаске шебері:

- Қыста міне қар жауады, таңертең ерте шығамыз. Сағат жетіде біз жұмысшыларымызды орын-орнына күректерімен, бірінші әр көшенің, аялдамаларымен жолаушылар жүретін пешеходтарды бәрін тазалауға адам қоямыз. Тәулік бойы жұмыс істейтін кездер болады. Ол кезде мына трактористерді бөліп қоямыз. Дежурный 3 адам, 4 адамнан әр тракторге бөліп қоямыз. Гололедтің кезінде де сондай. Тұз себеміз, инвентаріміз дайын.

Биылғы қыста қала тазалығына он мердігер мекеме жауап береді.  Олардың тарапынан бүгінгі күнге дейін мың тонна тұз, 2 мың тонна құм жиналып, инертті материалдар қоры жасақталған. Арнайы техникалары да жеткілікті. Қазір көше қиылыстары мен көпірлерге құм аралас тұз себіліп, қар шығарылып жатыр.  Сондай-ақ қоғамдық көліктер жұретін жолдар мен жаяу жүргіншілер жолағы да басты назарда.

Ернар Қалауов, қалалық ТҮКШ бөлімі автомобиль жолдары секторының бас маманы:

- Жаңбырдың, қардың бір жауып тоқтап, үсті-үстіне жаууына байланысты көктайғақ бірінші айналма жолдарда кездесіп жатыр. Сол мердігер тарапынан қазір өз қызметтерін жалғастыруда. Қазіргі таңда жаңа жылға дейін бір полигон, қаланың суға кету қаупі бар көшелерінен массовый қар шығарған кезде арнайы 3-4 полигонымыз болады.

Мамандар қолға алынған жұмыстардың қарқыны әзір түспейді дейді. Себебі ауа райын болжаушы мамандардың айтуынша, алдағы күндері жауын-шашын мол түседі. 

Лариса Тарасенко, "Қазгидромет" РМК АФ бөлім басшысы:

- Желтоқсан айы жылы болғанымен жауын-шашынның түсімі әдеттегіден мол болады. Бұл ауа райы циклонының белсенді құбылысымен байланысты. Сондықтан қаланың коммуналдық қызметтері бұны ескеруі керек.

Соңғы екі тәулік бойы әлсін-әлсін қар ұшқындап тұр. Сондықтан қала аумағында жұмыс қызу. Мамандар мердігер кәсіпорындардың күшейтілген жұмыс режиміне көшуге де дайын екенін айтады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев