«ҚазМұнайГаз» ҰК батыста ауыз су тапшылығын жою жобаларын жүзеге асырып жатыр

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы батыс аймақтарда ауыз су тапшылығын жоюға бағытталған бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр.

Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев бүгін Атырау және Маңғыстау облысына барып, жұмыс қарқынымен танысты. Қазір «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырын қайта құру және кеңейту жұмыстары кідіріссіз жалғасуда. Ал Маңғыстауда бой көтерген су тұщыту зауыты жылдың соңына дейін толық қуатына шығады. 

«Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры тәулігіне 110 мың текше метр су өткізеді. Қайта құру әрі кеңейту жұмыстары келер жылы аяқталса, өндірістік қуаты 2 есеге дейін артады. Атырау облысының 3 ауданы, Маңғыстаудағы Жаңаөзен қаласы мен 4 аудан халқы тіршілік нәрін осы құбырдан алады. Әлеуметтік маңызы зор жоба Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. 

Мағзұм Мырзағалиев, "Қазмұнайгаз" АҚ ҰК Басқарма төрағасы:

- «Қиғаш» деген өзеннен келетін су құбырын жөндеуді бастағалы жатырмыз. Осы жұмыстың арқасында келесі жылдың аяғына қарай қосымша 90 мың шаршы метр су берілетін болады. Бұл, өте үлкен жоба. Әрине тек Атырау ғана емес. Маңғыстау облысына да су келеді деген сөз. Сонымен қатар Маңғыстау облысында 2 жобамыз бар. 1-ші жоба: Қаражанбас кенорнындағы су тұщыту зауыты. Оны біз жақында іске қостық. Оның жалпы қуаттылығы 17 мың шаршы метр тәулігіне. 

Бұл зауыт биыл сынақ режимінде іске қосылды. Тәулігіне 10-12 мың текше метр су тұщытады. Жыл соңына дейін 17 мыңға жеткізу жоспарда. «Қаражанбас» кенорны әзірге «Астрахань-Маңғышлақ» құбырынан су алып отыр. Жоба толық қуатына шыққан соң осы тәуелділіктен арылады.

Қайрат Нұрмұханов, "Ілеспе қабат суын тұшыту зауыты" жобасының кураторы:

- Маңғыстау өңіріне құбырмен Еділдің суы келеді. Содан біз тәулігіне 20 мыңнан астам су алып жатырмыз. Мына зауыт соның орнына өзімізде мұнаймен бірге шығып жатқан ілеспе судан тұщы су шығарып, тәулігіне 17 мыңдай су береді. Сонда Маңғыстау облысына бізден осыншама су босайды.

Мағзұм Мырзағалиев мұнай кәсіпорны басшылығына құрылыс-монтаж жұмыстарын уақытынан кешіктірмей аяқтауды тапсырды. Айта кетсек, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Жаңаөзенге іргелес Кендірлі аумағында су тұщытатын зауыт салады. Жылына 50 мың ауыз су шығаруды көздейтін жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.

Талғат Исламұлы, Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Ренат Досалиев