Қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығы атап өтілді

Қостанай облысы Қарабалық ауданында қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығы кең көлемде атап өтілді.

Ғылыми-практикалық конференция, көрме, концерт, ұлттық спорт ойындары күні бойына жалғасты. Қазақтың бір туар тұлғасын ұлықтаған мерекелік іс-шараны біздің тілшіміз де тамашалап қайтты.

Мұхамеджан Сералинді еске алғанда, бірден өзі бастауында болған қазақтың тұңғыш  «Айқап» журналы ауызымызға оралады. Ол сөзімен ғана емес, өз ісімен де халқын оқу, білімге, жаңа кәсіптерді игеруге шақырды. 

Ақылбек Шаяхмет,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:

- Еуропаны, орыс тілін ғылымын өте жақсы менгерген. Сонымен бірге бұл қазақ даласында бау-бақша салуын мысалы үшін, бөгет қою, әртүрлі көкеністерді отырғызу секілді, көшпелі қазақ бұған дейін айналыспаған көптеген шаруаларға мұрындық болғаны бізге тарихтан белгілі.

Мұхамеджан атамыздың өткен ғасырдың 20 жылдары болыстық, губерниялық атқару комитеттерін басқарғандығын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.  

Қалқаман Жақып, философия ғылымдарының докторы, профессор:

- Экономика саласында бұлай дейді ол кісі біз өзіміздің жерді бай деп айтамыз. соны жаңағы өзіміз өңдеуіміз керек дейді. Мінеки бүгінгі өміріміздегі экономикалық саладағы өзекті мәселенің бір қыры осы емес пе. 

Қарабалықта биыл Сералин атындағы жаңа қазақ мектебі ашылды. Туған ауылы Өрнекке дейін жол жөнделіп, жерленген жері қайта жаңғыртылды. Және олар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Айқап журналын шығарған Троицкідегі баспа ғимаратында ескерткіш тақта орнату жоспарда тұр. 

Руслан Халықов, Қарабалық ауданының әкімі:

- Конференцияға келген кісілер, қонақтар қатысушылар көтерді осы енді Қарабалық ауданында музей ашу жөнінде ұсыныстар болып жатыр. Келесі жыл сол мұражай ашу бойынша жұмыстар жүргіземіз.   

Осы мерекелік шара аясында облыстық филармония ұжымы өз өнерлерін көрсетіп, палуандар мен көкпаршылар жарыс алаңдарында сынға түсті.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг