Жаңа бағдарлама аясында Астананы абаттандыруға қатысуға мүмкіндік туды

Енді елордалық оқушылар қаланы абаттандыруға атсалыса алады. Ілкімді істі «белсенді азаматтар мектебі» бағдарламасының аясында жүзеге асыруға мүмкіндік туды.

Қазір жүзге жуық оқушы арнайы оқыту курстарынан өтіп жатыр. Тұрғындардың белсенділігі жоғары. Ұйымдастырушылар осы арқылы қаланың келбетіне кері әсер ететін олқылықтардың орны толады дейді.

Қаланың келбетіне сын айтып, кем-кетікті келеке ету кез келгеннің қолынан келеді. Бірақ сол олқылықтың орнын толтыруға атсалысып, проблемаларды жоюға күш салудың жөні бөлек. Енді елордалық оқушылар өздері күнделікті көріп жүрген қала келбетінің келеңсіз тұстарын ретке келтіруге араласа алады. Қазір олар түрлі саланы қамтитын 30 жоба әзірлеп жатыр. 

Бағжан Сабденов, Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының бас маманы:

- Бұл бағдарламаның жалпы міндеті біздің жасөспірімдерді абаттандыруға қатыстыру. Қала өміріне араластыру. Бүгін бізде лекция өтіп жатыр, екінші. Бүгін урбанистер өзінің саласы жағынан түсіндіретін болады балаларға.

Қаланы көркейтуге үлес қосқысы келетін қаракөздің бірі Айым Серікқызы. Оның айтуынша, бұл бағдарлама өзі күнделікті кезігетін өзекті инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге үлкен мүмкіндік. Жоба жүзеге асса, тұрғындарға қолайлы жағдай туайын деп тұр дейді ол.

Айым Серікқызы, бағдарлама қатысушысы:

- Набережныйды жақсартатын ойымыз бар. Өзім отбасыммен көп жүремін. Демалыстарда күндіз де. Сондықтан осы проектке келген кезде сол жерді жақсартатын ойым бар. Одан бөлек орындықтарды қою, қоқыс жәшіктерін қою деген ойым бар.

Оқушылар ақпанға дейін жоба әзірлеудің қыр-сырын үйренеді. Кейін арнайы комиссияға дайын дүние ұсынады. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындарға көрсетіледі. Тиісінше астаналықтар өзіне ұнаған жобаға әкімдіктің сайты арқылы дауыс береді. Осылайша республикалық "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында үздік шыққан 10-ға жуық ұсыныс астананың Сарыарқа ауданында жүзеге асады.

Бекзат Аманов, Ерлан Наурызбаев