Атырау облысының Құрманғазы ауданы туризм маусымын жемісті аяқтады

Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданы биылғы жазғы туризм маусымын жемісті аяқтады.

Орталықтан оңаша орналасқан өңір келушілерді қисапсыз балығымен, тамаша табиғатымен таңғалдырады.

«Сегіз арал, сексен көлі» бар ғажайып өлкеде «Аққулар аралы» мен талайды таңғалдырған лотос гүлі алқабы орналасқан. Ал өзен-көлдерде құстың 100-ге жуық, ал балықтың 15 түрі  бар.

Енді осындай аңшы-балықшылар үшін жұмақ мекен, біртіндеп жергілікті бизнес өкілдерінің маусымдық табыс көзіне айналып келеді. 

Ертемен балық аулаудың қызығына берілген бұл азамат Ресейдің көршілес облысынан келіпті. Жалпы, өзен бойынан осындай ондаған туристі кездестіруге болады. Оларды жыл сайын Қазақстанға жетелейтін  қаймағы бұзылмаған тұмса табиғат пен  тайдай тулаған балықтары секілді.   

Леонид Барашкин, турист:

- Мен Атырауға алғаш келуім. Былтыр келген таныс-достарым мақтап келген еді. Атырау қонақжай екен.  Сосын бізде, Самарада салқын. Мұнда бізге қарағанда ауа райы жылы, балығы да мол екен.

Қиғаш өзені жағалауында 5 туристік демалыс базасы жұмыс істейді. Жазғы маусымда солардың өзі меймандарды қабылдап үлгермейді екен. Мына, жатақ-жайда күніне орташа есеппен 30 адамды қабылдауға ғана мүмкіндік бар. 

Махамбет Көптілеуов, туристік базаның басшысы:

- Біз оларға қонақ үйлер мен қайық, қажет болса, жолбасшы береміз.  Әуесқой балықшылар үшін спорттық балық аулау маусымын ұйымдастырамыз. Біздің аудан туристерді табиғатымен және балық қорының алуан түрлілігімен тартады. 

Құрманғазы ауданының табиғатын тамшалауға биылғы жазғы-күзгі маусымда 1200-ден астам адам келіпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге көп. Енді туристерді қабылдайтын жайлы орын мен тұрмыстық жағдай жасау керек. Табыс кілтін тап басқан жергілікті билік аудан аумағынан тұтас туристік аймақ құруды қолға алып отыр. 

Нұрлыбек Төлепов, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:

- Мұнан бөлек бізде бірлік ауылдық округі деген бар. Сол Бірліктен туристік аймақ құру жоспарымызда бар. Оның негізінде жеке кәсіпкерлер арқылы жер телімдерін беріп жатырмыз, сұраныс бойынша. Яғни бұл жерде болашақта үлкен кластер болады деген сөз.  

Қазірдің өзінде 10 кәсіпкерге демалыс базаларын салу үшін табиғаты ерекше аумақтан жер телімі берілген. Оның екеуінің құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады. Жоба жүзеге асса, Атырауда туризм дамып, жергілікті кәсіп иелерінің табысты болары анық.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев