Түркістан облысында ауыл балалары майлы бояумен сурет салуды үйреніп жүр

Бір ғана Төле би аудандық балалар көркем сурет мектебінде дәл осындай 283 оқушы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іргелі өнер ордасына биыл - 38 жыл толды. Осы уақыт аралығында мыңдаған шәкірт түлеп ұшып, елімізге белгілі қылқалам шеберлеріне айналды. Аймақтағы әріптесім Нұрсұлтан Мұхамеджан өнер орталығына арнайы барып, жас суретшілермен тілдесіп қайтты.

Сурет сыныбында балалардың бұл өнерге деген қызығушылығын анық аңғаруға болады. Қиялға ерік бергендер туған жерге деген сүйіспеншілігін қағаз бетіне майлы бояумен түсіруге тырысып жатыр. Бұл сурет өнері арқылы бала бойына патриоттық сезім сыйлауға көмектеседі.

Рамазан Үндербаев, оқушы:

- Туған елім, туған жерім тақырыбында осы есіме түсті. Бұл жерде қыран бүркіт, қырлар бар, гүлдер, домбыра, торсық, киіз үй және таулар.  Мен даярлықта алма, жеміс-жидектің мүсіннін жасайтын едім. 

Арсен Серікбай да өзге балалар сияқты әліппені оқып үйренуден бұрын сурет салуды меңгерген. Арманы асқақ бала қазір өз болашағын осы саламен байланыстырады.

Арсен Серікбай, оқушы:

- Менің суретке деген қызығушылығымды әкем көрді. Сол үшін мені сурет мектебіне қатыстырды. Кейін мен бара-бара сурет салуды үйреніп кеттім. Мысалы көріп тұрғаныңыздай мына картинкаларды мен осындай суреттерді екі есе жақсы салғым келеді.

Қазір көркем сурет мектебінде 283 бала аптасына үш рет келіп, шығырмашылық өнерді тегін үйреніп жүр. Жас суретшілердің ықыласын арттыру үшін дәріс түрлі бағытты қамтиды. Табиғатпен тілдесіп, ауданның көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылады. Саз балшықтан қыш құмыралар мен мүсін жасау өнері үйретіледі. 

Гүлмира Түймебекова, Балалар көркем сурет мектебінің оқытушысы:

- Балалар көркем сурет мектебінде балаларға сурет салудың әліппесін үйретіп жатырмыз. Төрт жыл оқып өзінің оқығын куәліктерін алып шығады осы жерден. Баланың туған жеріне деген сүйіспеншілігі пайда болады. Тәрбие жағынан да әрі сурет сала отырып шыдамдылықты да үйренеді. 

Қазір Төле би ауданының өзінде елуден астам суретшілер одағының мүшесі бар. Сала жетекшілері алдыңғы буын ағаларының өнегелі жолы кейінгі  жастарға үлгі болғанын айтады.

Мекенбай Исахов, Балалар көркем сурет мектебінің директоры:

- Тәжікстан Республикасы мен Анталия, Жапон, Ресей, Украина, Беларусь, Финляндия қалаларындағы халықаралық деңгейдегі конкурстарға қатысып, оқушылар жүлделі орын алып жатқан жағдайы бар. Соның арқасында біз ЮНЕСКО-ға ендік.

Көркем сурет мектебінің оқушылары архитектуралық маңызы бар нысанда оқитынын мақтан етеді. 1850 жылдары салынған ғимарат өзіндік құрылыс стилімен ерекше.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы