Елімізде қысқы туризм дамып келеді

Отандық және сыртқы туризм саласы коронавирус пандемиясынан кейін қалпына келіп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, алдағы қыста былтырмен салыстырғанда демалуға баратындар саны әлдеқайда көп болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бірі отандық курорттарды таңдаса, басқасы шетел асып, жылы аймақтарда тыныққанды жөн көреді. Шектеулер жойылып, Қазақстанға визасыз келетін елдер тізімі ұлғайды. Соның арқасында шетелдік туристер ағыны ұлғаяды деген болжамдар бар.

Данияр Сағымбаев 10 жыл бұрын елорда іргесіндегі Қосшы қаласында демалыс орталығын ашқан. Қазір ол жұмысшыларымен бірге қысқы маусымға дайындалып жатыр. Кәсіпкердің айтуынша, мұнда тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік туристер де көп келеді. Өйткені олар біздің табиғатқа және қысқы спорт түрлеріне қатты қызығады.

Данияр Сағымбаев, Демалыс орталығының директоры:

- Бізде қысқы ойындар көп, хаскимен шаңғы тебеді, хоккей ойнайды, атпен шабады. Көбіне Германияның адамдары келеді. Осында келіп, олар әбден қысқы ойындарды ойнап алады.

Биыл отандық қысқы курорттар Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн сынды мемлекеттерден туристерді күтіп отыр. Өйткені «Қазақ туризм» компаниясы 10 шақты халықаралық көрмеге қатысып, еліміздің демалыс орындарын айтарлықтай жарнамалап, тиісті келісім шарттар жасасты. Шетелдіктер негізінен Алматы өңіріндегі тау-шаңғы курорттарына келеді. Мемлекет мұндағы демалыс орталықтарын қолдап, кейбір шығындарын өтеуді көздеп отыр.

Ернұр Кенжебеков, "Kazakh tourism" ҰК баспасөз хатшысы:

- Тау курорттарын ұстау үшін жабдықтар өте қымбат. Соның 20% мемлекет тарапынан өтеу қарастырылған. Енді жабдықтарды жаңарту керек. Қауіпсіздік мәселесі де бар. Роад трак деген деген үлкен жабдықтар бар. Соның бәрі қысқы туризмді дамытуға септігін тигізеді.

Шекаралар ашылғандықтан, қазақстандықтар да шетелге барып белсенді демалып жатыр. Қазір сыртқы туризмде ай сайын жаңа бағыттар ашылып жатқанын байқауға болады. Мысалы, енді Астана мен Алматы қалаларынан Вьетнам еліне тікелей рейспен ұшуға болады.

Жанар Сыздықова, Туристік агенттіктің менеджері:

- Қыс кезінде қазақстандықтар Оңтүстік Азия елдеріне барғанды ұнатады. Таиланд, Вьетнам сынды бағыттар жоғары сұранысқа ие. Бұл мемлекеттерге тікелей рейстер бар. Біздің туристер Египет, Түркия, Мальдив аралдарының курорттарын да жақсы көретіні белгілі. Жалпы қазақстандықтар суық мезгілде жылы жаққа баруға әуес.

Туристік компания мамандарының айтуынша, қазір шетелдік турлардың құны қолжетімді. Тек мектеп демалысы мен жаңа жыл қарсаңында ғана өсімді байқауға болады.

Ал отандық демалыс орындарындағы 1-2 күндік демалыс құны қазақстандықтарды жиі таң қалдырады. Көбі біздегі қызмет көрсету сапасы бұл бағаға тұрмайды деп есептейді.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ырыстанбек Оспанов, Руслан Алиев