350 мыңнан астам қазақстандық құмар ойынға тәуелді

Талайдың санасын улаған, қалтасын қаққан құмар ойындарының ішінде букмекерлік кеңселерге байланғандардың қатары көбейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Психологтардың айтуынша, қазір жасөспірімдер оңай олжаға кенелемін деп сан соғып қалады. Бүгінде елде 350 мыңнан астам адам ойынқұмар дертіне шалдыққан екен. Азаматтар құмар ойынның тұзағына қалай түседі?

Оңалту орталығында ем алып жүрген Айбек 13 жасынан бастап құмар ойынға әуестене бастайды. 20 жылдан бері казино, интернет ойындардан бас алмаған. Одан кейін букмекерлік кеңсеге тәуелді болды. Бастапқыда жеңіске жетіп, артынша қарызға белшесінен батқан. Ол құмар ойынның құрығына түсіп, 350 млн теңгеден айырылды.

Айбек, қала тұрғыны:

- Мен үшін құмар ойындары оңай ақша табу көзі болды. Сондықтан футболға да бәс тігетінмін. Артынша ұтылып, микро несие алып, артынша қарызға кірдім. Ата-анам мен достарымнан қарызға ақша сұрадым. Қазір жанымда тек ата-анам ғана қалды. Енді бұл жүрісімнің дұрыс емес екеніне көзім жетті. Сол үшін бір жарым жылдан бері осы емханада ем алып жатырмын.

Ойынқұ­марлық отбасындағы тәрбиеге де байланысты. «Осы мәселені шешу үшін елде отбасы институтын құру қажет», – дейді мамандар.

Александр Ращук, психолог:

- Қазір құмар ойындарының жарнамалары жер жарып тұр. Салдарынан бүгінде оңалту орталығына келетіндердің дені – 15 жастағы жасөспірімдер. Тағы бір себебі бұл – ата-ана мен баланың қарым-қатынасы. Яғни бүгінде бала тәрбиесіне арналған кітаптарды оқу қажет. Кез келген тәуелдіктердің себебі бұл осы тәрбиеде. Баланың ішкі жан дүнесін түсініп, қиын қыстау кезде жанында болу керек. Көбіне әлеуметтік осал топтағы балалар оңай ақша табу үшін ойнайды.

Қазір елде орта есеппен 350 мыңнан аса адам құмар ойынның құрбанына айналған. Әрқайсысының орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, биыл заңсыз ойын ұйымдастыру бойынша 86 дерек тіркелді.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- «Стоп игра!» деп аталатын іс-шарасының нәтижесінде жалпы жыл басынан бері 3,5 мыңға компьютер, техника, покер үстелдері және т.б. затты айғақтар тәркіленген болатын. Сонымен қатар 7,2 млн теңгеден астам қолма-қол қаражат тәркіленді. ҚР қолданыстағы ойын бизнес заңына сәйкес казинолар және де басқа да ойын нүктелері тек қана Ақмола облысындағы Щучье елді мекенінде, сонымен қатар Қапшағай су қоймасының жағалауында ғана рұқсат етілген. Оның өзінде жергілікті атқару органдарының белгілеп берген орындарында ғана ұйымдастыруға рұқсат етілген.

Құзырлы орган дерегінше, 305 мемлекеттік қызметкер құмар ойынның қармағына ілінген. Арасында Ішкі істер, Қорғаныс, Қаржы министрліктерінің қызметкерлері де бар.

ҚР МҚІА баспасөз қызметі:

- Мемлекеттік қызметшілер тарапынан бұзушылық анықталған жағдайларда нақты шаралар қолданылатын болады. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде айқындалған. Кодекске сәйкес мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік биліктің беделіне және мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттерге бармай, кез келген жағдайда әдеп нормаларын сақтап, бірінші кезекте елдің, мемлекеттің мүддесіне қызмет етуі тиіс.

Өкініштісі, құмар ойынға құмартқандар қатары жыл өткен сайын азаймай отыр.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Жандос Битабаров