Алматының қызыл алмасын түлетуге не кедергі?

Бір кездері әлемге әйгілі болған Алматының қызыл алмасы - апортты қайта жандандыру керек деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Елімізде апорттың алып түрін өсіру бастамасы осыдан сегіз жыл бұрын қолға алынған. 2014 жылы мемлекеттік «Апорт» бағдарламасы басталып, шаруаларға қаржылай қолдау жасалды. Алайда көп ұзамай, игі бастама аяқсыз қалды. Қазір Алатаудың етегіндегі алқаптарда алманың сан түрі өседі, бірақ ішінде апорт сирек. Неге? Жалпы алманың бұл түрін қайта түлетуге не кедергі?

Алмас Саудуақас, тілші:

- Бұл бақта алманың алты түрі өсіріледі. Қолымдағы мына алма Италияның «Голден рейнджерс» деген түрі. Аумағы ат шаптырым алқапта апорттың бірде бір көшеті жоқ. Өйткені қазіргі уақытта шаруаларға апорт өсіру тиімсіз екен.

Еңбекшіқазақ ауданы алма өсірумен танымал. Мұнда 7 мыңнан гектардан астам алма бағы бар. Соңғы жылдары интенсивті бақ көлемі ұлғайып келеді. 21 қоймада 30 мың тонна алма сақталады.

Мәншүк Тәшкенбай, Еңбекшіқазақ аудандық Ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы, агроном:

- Интенсивті бақтарды көбіне отырғызатын себебі оның өнімділігі 4-5 жылдан кейін алады. Орташа өнімділік интенсивті бақтардан 1 гектардан 100-150 центнер алынады. Ал жай бақтардікінен шаруалар  орташа есеппен 80 центнер өнім алып отыр.

Сол тауар өндірушілер негізінен Еуропа елдерінде шығарылған алма түрлерін өсіреді. Өйткені олар тез пісіп, өнімді де молынан береді. Ал апорттан өнім алу үшін кемінде жеті жыл күту керек. 2012-2018 жылдар аралығында Алматы облысы әкімдігі шаруаларға апорт егіп, өсіру шығындарын өтеу үшін 670 млн теңге қаржы бөлді. Бірақ нәтиже жоқ. Мамандардың айтуынша, сол жылдары субсидия алған шаруалар қаржыны мақсатты жұмсамаған. Еккен көшеттері шықпай қалған. Екіншіден, апорт ағашы ауруға тез шалдығып, бактериалдық күйікке ұшырайды. «Ерекше күтімді қажет ететін жемісті өсірудің өз қиыншылықтары мол», – дейді тауар өндірушілер.

Ақмарал Абдулина, технолог:

- Егер де жалғыз бізде ғана бақша болып тұрса, мысалы, онда мүмкіндік бар шығар. Айналамыздың бәрі бақ. Біреулер химияны қолданады, біреулер қолданбайды.

Ғалымдар апортты қайта шығару жолында ізденіп, еңбектеніп-ақ жатыр. Мысалы, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Талғар тауларының етегіндегі 5 гектар жерге жас көшеттер екті. Биыл көшеттер 10% өнім берген. Күн сәулесі мен кеңістікті сүйетін ағашты үнемі суарып тұру қажет.

Сәуле Қазыбаева, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы:  

- Апорт сорты тек қана сиверсмен тегітуге болады. Өйткені басқа тегітушілермен оның үйлесімділігі өте аз. Біріншіден, оның жеміс сапасы сақталмайды. Екіншіден, ол өзінің дәмділігі мен хош иісін сақтамайды. Осы ғылыми-зерттеулер біздің  институтымызда көп жылдардан өткізіліп келеді.

Нарықтық бәсеке апортқа де кері әсерін тигізіп жатыр. Өңірде алма өсірумен айналысатын фермерлер бір жылда өнімді молынан жинап, пайдаға кенелгісі келеді. Комерциялық мүдде басты орында тұр. Ал апорттан тез арада пайда табу мүмкін емес. Бірақ бизнеске тиімсіз екен деп апорттан күдер үзуге болмайды. «Агротехникалық әдістердің көмегімен алманың сапалы түрін шығаруға мүмкіндік мол», – дейді ғалымдар.

Сағи Сұлтанбеков, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ филиал директоры:

- Апортты отырғызғаннан кейін үш жыл құлпынай отырғызсақ, ол өз-өзін ақтайды. Әрі қарай апортты баптап өсіріп, апорт бағын үлкейтіп алуға болады.

Қазақстанның мақтанышына, Алматының символына айналған апорт алма ағашы алпыс жылға дейін өмір сүріп, өнім береді. Әлемнің бірқатар елінде апорт өскенімен, дәл Алматының апортына жетері жоқ. Сондықтан апорт  сортын қалпына келтіру заман талабы.

Авторлары: А.Садуақас, А.Дүйсембаев

Сондай-ақ...