Түркістан облысындағы ауылда 25 ауланы су басты

Түркістан облысында үздіксіз жауған жауынның салдарынан Төлеби ауданы Зағамбар елді мекеніндегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың аулаларына су кірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі тау беткейінде орналасқан Боз каналына жаңбыр суы толып, бір беткейін бұзып кеткен. Соның салдарынан Зағамбар ауылындағы бір мектеп пен балабақшаның және 25 тұрғын үйдің ауласын су басты. Оқиға орнына бірден облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардардың жеке құрамдары мен техникалары жұмылдырылды. Олар жауын суының ары қарай елді мекенді басу қауіпінің алдын алып, тиісті жұмыстар атқаруда. 

Ерік Сарыбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Қазіргі таңда зардап шеккендер мен жарақат алғандар тіркелген жоқ. Алайда жаңбырдың ары қарай жаууы мүмкін болуына орай департаменттің және жергілікті атқарушы органның техникалары мен жеке құрамдары кезекшілікте тұр. Қазіргі таңда бұзылған Боз каналының беткейін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.