Қазақ тілін қалай тез үйренуге болады?

Кристина Ропперт пен Антон Зайцев – шетелдік туристер. Қазақ тілінен мүлдем хабары жоқ. Тіпті осында келгенше естіп те көрмеген. Енді мемлекеттік тілді үйренгілері келеді. Сондықтан мобильдік қосымшаның мүмкіндіктерін білуге арналған тәжірибеге қатысуға бірден келісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуынша, бес  тегін мобильдік қосымшаның  екеуі ғана тиімді болып шықты. Қалғандарын түсіну қиын. Онда сабақты неден, қалай бастау керектігі белгісіз. Кейбіреуінде қазақша сөздер басқа тілге аударылмаған. Ал, бұл қазақый ортаны білмейтін шетелдіктер үшін тіптен ыңғайсыз,-дейді.

Антон мен Кристинаның пікірінше, тілді репетитор арқылы үйрену қажет. Оқытушыдан жеке дәріс алғанға ештеңе жетпейді.  Ал мобильдік қосымшалар білгеніңді жетілдіре түсуге көмектеседі. Сондай-ақ, олар осы істің басы-қасында жүргендерді ағылшын тілін үйренуге арналған мобильдік қосымша жасайтын батыстағы әріптестерінің жұмысын зерттеп, тиімді әдістерін өздеріне қабылдауы керек,-деп есептейді.

Кристина Ропперт,  турист:

- Маған ең ұнағаны альфавит жазылған картасы бар қосымша  болды. Онда әріппен қоса, санды, түсті аудио арқылы тыңдап есте сақтай аласыз.  Бізге сонысы ұнады.   Өйткені біз қазақша сөздердің қалай айтылатынын білмейміз. Қазақ тілін үйренем деген адамға ең қолайлысы осы. 

Антон Зайцев, турист:

- Ағылшын тілін үйренуге арналған өте керемет қосымшалар  бар. Мәселен,  ағылшын тіліндегі фильмді көргенде сол тілде субтитр жүріп отырады. Киноны көріп болғаннан кейін мазмұнын жазу арқылы сөйлем құрап үйренесіз. Сұрақтарға жауап бересіз.

Соңғы кезде  қазақ тілін үйренгісі келетіндер көбейіп келеді. Олардың   бәрі бірдей тілді тез меңгеріп алып жатқан жоқ. Курстардың әдіс-тәсілдері жүйесіз болғандықтан орта жолдан тастап кеткендері де бар. Бірақ үйренем деген адамға нарықта таңдау жеткілікті. Еске сала кетейік, елімізде қазақ тілін білмейтіндерге азаматтық берілмеуі мүмкін. Қазір бұған қатысты заң жобасы әзірленіп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев