Атырауда Қазақстанның тұңғыш интеграцияланған газ химиясы кешені іске қосылды

Жобаның алғашқы кезеңінде «Теңіз» кен алаңынан шығатын пропаннан полипропилен мен пластик өндіретін кәсіпорын жұмысын бастайды.

Бүгінде жаңа жобаның соңғы дайындықтары пысықталып жатыр. Өндіріс орны жылына 630 мың тоннаға жуық пропанды өңдеп, одан 63 түрлі өнім шығарады. Жобаны жүзеге асыруға әлемнің 15 елінен жүздеген инженер атсалысты. 

Аумағы 3,5 мың гектарды алып жатқан арнайы экономикалық аймақта 14 компания жұмыс істейді. Кәсіпорын толық іске қосылғанда оның жылдық қуаты 500 мың тонна полипропилен өндіруге жетеді. Өндіріс экспортқа негізделгендіктен, өнімнің 90 проценті Қытай, Түркия, Шығыс және Орталық Еуропа мен ТМД елдеріне экспортталады.

Болат Әбдуәлиев, өндірісті қолдау жөніндегі басқарушы директор:

- Экология жағынан зияны жоқ. Өйткені «Теңіз»кен орнынан келетін пропан өте таза. Ондағы күкірттің құрамы өте төмен. Ал полипропиленнің ешқандай зияны жоқ. Сол себепті зауыттың жергілікті өлкеге тигізер пайдасы көп деп ойлаймын.

Осылайша елімізде тұңғыш мұнай-химия кластері қалыптаса бастады. Ол өз кезегінде экспортқа бағытталған сапалы өнімдер шығарып, еліміздің ішкі нарығындағы полимер өнімдеріне деген сұранысты толық қамтамасыз етеді. Бүгінде еліміз жылына 50 мың тонна полипропилен тұтынады.

Денис Козырев,  компанияның бас инженері:

- Әлемдік практикада полипропилен өндірісінің айналасында жаңадан ШОБ мекемелері қалыптаса бастайды. Себебі ол өте қажетті шикізат. Полипропиленнен қарапайым шелек пен легендерден бастап автокөліктің күрделі бөлшектерін шығаруға болады. Демек, біздің өнімге сұраныс болады деген сенімдемін

Жаңа кәсіпорынға білікті мамандар тарту мақсатында әлеуметтік жағдай жасауды өндіріспен бірге қолға алған болатын. Осы мақсатта жүздеген жас маман шетелдерде біліктіліктерін жетілдіріп келді. Оларға компания басшылығы Атырау қаласынан  тұрғын үй кешендерінің бірінен бастапқы жарнасыз, әрі пайызсыз пәтерлер беруді қолға алды.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов