Қазақстанда нәрестелер үшін қауіпті саналатын инфекцияның 97 дерегі тіркелді

Респираторлы-синцитиалдық вирус 90 баланың бойынан анықталған.

Бұл вирустың өзгелерден айырмашылығы неде? Емдеу жолдары қандай?

Тұмау маусымы басталғалы, елімізде 1 млн 27 мың адам жіті респираторлы вирус жұқтырған. Оның ішіндегі 865-і – тұмау. Санитарлық-эпидемологиялық бақылау комитетінің хабарлауынша, қазір тұмауға ұқсас вирустар да таралып жатыр. 2300-ге жуық сынама зертханаға жіберілген. Сынаманың 15% бөгде вирустар анықталған. Атап айтқанда, коронавирус пен аденовирустың 64 дерегі, парагрипп – 35, риновирус 124 және респираторлық-синцитиалдық, яғни РС вирусының 97 дерегі расталды. Соңғысы нәрестенің ағзасына ауыр тиеді.

Динагүл Баешева, «Астана медицина университеті» АҚ кафедра меңгерушісі: 

- Біріншіден, бұл вирустың көздейтін тәні – ол бронхелла. Мысалы, пневмонияда альвиелла зақымдалса, мұнда бронхиолла. Сондықтан клиникалық көрінісі негізі пневмония тәрізді боп тұрады. Ол деген дене қызбасының көтерілуімен бірге жөтел пайда болады. Жөтелмен бірге ентікпе пайда болады. Көріністер 3-4 күн емес, 3-4 аптаға шейін созылып кетуі мүмкін.

Дәрігердің айтуынша, мұндайда ентікпе пайда болып, бірте-бірте өрши бастайды. Сол кезде қақырық та қоюлана түседі. Сондықтан науқасқа суды жиі-жиі ішкізу керек. Дәрігерді шақыртып, ағзаның сатурациясын тексерткен жөн.

Динагүл Баешева, «Астана медицина университеті» АҚ кафедра меңгерушісі: 

- Респираторлық қолдау дейміз. Ол – кислород беру. Кислородты қай уақытта беру керек? Пульсоксиметр қазір барлық адамдарда бар шығар? Ата-аналар міндетті түрде үйреніп алу керек. Міне, саусаққа кіргізесіз де қарайсыз. 94-тен төмен түсіп бара жатса, міндетті түрде дәрігерлерді шақырып, балаға кислород беру керек.  

Респираторлық-синцитиалдық вирустың тағы бір белгісі созылмалы жөтел. 3-4 аптаға жалғасуы мүмкін. Осындай кезде ата-ана балаларын антибиотикпен емдеуге кіріседі. Дәрігер-инфекционистің айтуынша, диагнозын анықтамай, өз бетінше бұлай емдеудің соңы жақсылыққа  апармайды. Айта кетерлігі, бұл –  дүниежүзінде кең таралған инфекция. Соңғы айда АҚШ-тың бірқатар штатында вирустың өршігені байқалады.

Джим Кеани, Калифорния ауруханасы төтенше департаментінің директоры:

- Бұл вирус жыл сайын күздің аяғына қарай пайда болады. Ал біз оны ерте кезеңде анықтап отырмыз. Бәрімізді алаңдатып отырған осы мәселе. Ол ары қарай өрши ме? Әлде беті қайта ма? Қазір оған төтеп беріп отырмыз. Ал егер осылай жалғаса берсе, уайымдаудың жөні бар. Осы ретте жіті респираторлық вирус пен коронавирустың қатар таралуы денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіруі мүмкін.

РС вирус, тұмау және ковид. Сарапшылар коронавирус пандемиясының соңы осындай тридемияға ұласатынын айтады. Бұл бүлдіршіндер мен егде жастағыдар үшін аса қауіпті комбинация. РС вирусқа қарсы вакцина жоқ. Сол себепті ғалымдар арнайы екпе шығаруды қолға алмақ.

Авторы: Бақыт Топтаева