Ақтауда келесі жылы мұз айдыны ашылады

Өңір тарихында мұндай жоба алғаш рет жүзеге асқалы тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни тұрғындардың хоккей, керлинг және мәнерлеп сырғанауды үйренуіне мүмкіндік болады. Жалпы маңғыстаулықтар бұқаралық спортпен шұғылдану бойынша елімізде үздік үштікке кіреді. Бұған аудан-ауылда спорт кешендері мен жаттығу алаңдарының көптеп салынуы оң әсер еткен.

Шахмат үйірмесі былтырдан бері қала жағажайында өтіп жүр. Жергілікті спорт мектебінің ұжымы осындай бастама көтерген. Соңғы уақытта ақыл-ой спортынан жарыстар далада жиі өткізіле бастады. Оған кез-келген тұрғын қатыса алады. 10 жастағы Ақнұр Мамақова тәжірибелі шахматшылардың бірі. Биыл Грузияда өткен әлем чемпионатына қатысып, үздік ойыншылардың сапынан көрінген. Қазір өз білгенін өзгелерге үйретіп жүр.

Ақнұр Мамақова, шахматшы:

- Жағалауда шахматтан өтетін жарыстарға жиі қатысамын. Бірін жеңсем, кейде қарсыласым басымдық танытып жатады. Өйткені, ақыл-ой спортымен кез-келген жастағы адам шұғылдана алады. Үйірменің жағалауда өтуі қала тұрғындары үшін тамаша мүмкіндік деп ойлаймын.

Роман Оразымбетов, шахмат мектебінің өкілі:

- Жағажайда адам көп жүреді. Сол себепті таңдауымыз осы жерге түсті. Бастапқыда ойынға қатысушылар аз болатын. Қазір қарасы көбейді. Әсіресе демалыс күндері ойыншылар көптігіне қарай жарыс өткізе бастадық.

Бұл спорт клубы былтыр Ақтауда ашылды. Қазір мұнда спорттың 7 түрі бойынша үйірмелер өтеді. Бұған дейін балалар мен жеткіншектер әр шағын ауданда жалға берілетін шағын залдарда жаттығып келген еді. Самбо, дзюдо, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін енді осы жерде меңгеріп, білікті бапкерлерден тәлім алып жүр.

Кәмила Алтыбайқызы, дзюдодан спорт шеберіне үміткер:

- Біз ең соңғы үлгідегі спорт залда жаттығу жасап жатырмыз. Түгел жағдайы жасалып отыр. Ендігі қалып тұрғаны алдағы жарыстарға қатысып, чемпион болу.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қазақстандықтардың 31% ғана салауатты өмір салтын ұстанады екен. Ал Маңғыстау облысы былтыр бұқаралық спортпен шұғылдану көрсеткішін 37,4% жеткізіп, республикада алдыңғы орыннан көрінді. «Енді жоспарымыз 39% көтеру. 1 жылдан аса уақытта спорттың 56 түрінен жаңадан 300-дей секция ашылды. Оларда 4 мыңдай бала тегін жаттығады», – дейді жауапты мамандар.

Жамбыл Бисенқұлов, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Әрине, бірінші кезекте Маңғыстау облысында спорттық ғимараттардың ашылуы. Жаңаөзен қаласында көптеп салынып жатыр. Жыл соңына дейін екі ғимараттың аяқталуы күтілуде. Баутино елді мекенінде ғимарат берілді. Одан бөлек жеке кәсіпкерлер салып жатқан ғимараттар бар. Ауылдық елді мекендерде спорт алаңдары көптеп ашылып жатыр.

Спорт залы аз елді мекендер Маңғыстауда әлі де болса бар. Жуырда батыс өңірлерге жұмыс сапарымен келген Президент Қ. Тоқаев халықтың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасау туралы айтқан болатын. Мәселен, Атырау облысындағы 17 спорт мектебі 1600-ге жуық жеткіншекке тарлық етеді. Мемлекет басшысы әкімдерге мәселені жеделдетіп шешуді тапсырды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Арыстанбек Кенже, Ренат Досалиев