Қызылорда облысының әкімі Шиелі тұрғындарының өзекті мәселелерін шешті

Газдандыру, жол салу және ауыз судың жайы.

Қызылорда облысының әкімі құқық қорғау саласының басшыларымен бірге Шиелі ауданының тұрғындарын қабылдау барысында осы секілді өзекті сауалдарға жауап берді. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидасына негізделген қабылдауда барлығы 80-ге жуық азаматтың өтініші қаралды. Кездесуге 34 тұрғын келді. 

Айкенже Шерімбетованың бір баласы сал ауруларына шалдыққан. Оның денсаулығын түзеу үшін шетелде әр үш ай сайын ұзақ уақыт ем алуы керек. Жолдасы да біраз уақыттан бері жұмыссыз жүр екен. Шарасыз күйге түскен Айкенже аймақ басшысынан көмек сұрады.  

Айкенже Шерімбетова, Шиелі ауданының тұрғыны:

- Бірінші мәселем мүмкіндігі шектеулі баламның бір жолғы еміне көмек көрсетті, 850 мың теңге көлемінде. Екіншісі әрине жолдасыма жұмыс міндетті түрде қарастырып беруін міндеттеме ретінде жүктеді. 

Шиелі кентіндегі көпқабатты үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстарының баяу жүруіне алаңдаған тұрғынның да сауалы жауапсыз қалмады. 

Анархан Марданова, Шиелі ауданының тұрғыны:

- Қазір енді ақша қаралып оған өтініш бергеннен кейін облыс әкіміне кент әкімшілігі жауап берді ақша қаралды деп. Сонымен енді қазір жұмысы басталды. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табады, аяқсыз қалмайды деп ойлаймын. 

Ал Ыбырай Жақаев ауылындағы учаскелік полицейге көп ұзамай су жаңа қызметтік көлік берілуі мүмкін. Бұл да ауыл тұрғындарының тілегі. 

Мақсұт Әбдімомынов, Шиелі ауданының тұрғыны:

- Айтып келген мәселемді қарады. Дұрыс тыңдады. Жақсы жауап берді. Бұйырса алдағы бірінші кезекте біздің бөлімше инспекторы тәуір көлікті болады деп үміттеніп тұрмыз.

Облыс әкімі ауылдардағы жол сапасын жақсартуды сұрап, ауыз су желілерін тарту және жаңа мектеп салу сынды әлеуметтік мәселе көтерген тұрғындарға нақты жауап беріп, сала басшыларына тапсырма жүктеді.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Ұлттық жоба аясында қазір жаңа жайлы мектептер салынатын болады. Келесі жылы 19,5 млрд қаражат бөлініп жатыр Сыр өңіріне. Алдағы айналдырған 3 жылдың ішінде 80 млрд жуық білім саласына жаңа нысандар салуға қаражат бөлінетін болады. Оның бір-екеуі осы Шиелі ауданында да салынады. 

Айта кетейік, Нұрлыбек Нәлібаев бүгінге дейін облыстың барлық аудандарында болып, 500-ден аса азаматтың өтінішін қараса, құқық қорғау органдарының басшылары 300-ге жуық тұрғынның талап-тілегін тыңдаған.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов