Кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін қалай күшейтеміз?

Жыл басынан бері 30 мыңнан астам өнеркәсіптік нысанда қауіпсіздік талаптарын сақтауға қатысты тексеру жүргізілді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Нәтижесінде талапты өрескел бұзғаны үшін 670 нысанның жұмысы тоқтатылды. Оқыс оқиғалар саны азамай тұр. Оның үстіне қызметкерлердің еңбек тәртібінің төмендігі де өзекті мәселеге айналған.

Жергілікті кенші Павел Шумкиннің саладағы еңбек өтілі 20 жылдан асады. Маманның айтуынша, аймақтағы шахтада еңбек қауіпсіздігі өте нашар. Қолдағы техниканың тозығы жеткен. Кен орнында оқыс оқиға да жиіледі. Тіпті өлім-жітім де жиілеген. «Бірақ өткеннен сабақ алып, қауіпсіздікті күшейтіп жатқан ешкім жоқ», – дейді кенші.

Павел Шумкин, кенші:

 - Техника жаңартылып жатқан жоқ. Мен Америка мен Германияның тау-кен техникасын жасайтын зауыттарында болдым. Олардың техникасымен біздікін салыстыруға келмейді. Қауіпсіздік деңгейі және сапасы жағынан да біздікі анағұрлым нашар.

Салалық кәсіподақ өкілінің айтуынша, еңбек қауіпсіздігін қадағалауға қомақты қаржы талап ету керек. Яғни қайғылы оқиғаның алдын алу үшін жұмы с берушіні 100 жылдық жалақы төлеуге міндеттеу қажет. Сонда ғана кәсіпорындар еңбек қауіпсіздігін ұдайы қадағалап, сапалы жабдық алуға тырысады.

Марат Миргаязов, салалық Көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы:

- Жақында қайтыс болған азаматтардың отбасына 10 жылдық жалақыны төлейтін болды. Мәселен, 1991 жылғы жас баланың зейнетке шығуына 30 жыл бар ғой. Ол әрине, зейнетке дейін жұмыс істеймін деп жоспаралаған шығар. Яғни 32 жыл. Сонда 10 жылдық емес 32 жылдық жалақыны өтеу керек. Егер 62 де болса, онда түсінікті. Бірақ мынадай жағдайда бұл әділетсіз. Осы тұста неліктен жүз жылдық төлем жасамайсыз? Сонда жұмыс беруші мұндай шығын шығарғанша, қауіпсіздікті сақтаған әлдеқайда тиімді екенін түсінер еді. 

Мұндай мәселе шахтада ғана емес, өзге кәсіпорындарда да кездеседі. «Әсіресе тау-кен және құрылыс салаларында», – дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі. Биыл ел бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы заңнама талабы екі мың рет бұзылған. Өндірісте мыңға жуық адам зардап шегіп, 134 жұмысшы қайтыс болған.

Сәрсен Дүйсенов, ҚР ЕХӘҚМ Комитет басқармасының басшысы:

- Биыл 9 ай қорытындысы бойынша еңбек инспекциялардың тексеру нәтижесінде 6 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды. Еңбек инспекторлары заңбұзушылық бойынша жұмыс беруші тарапына нұсқамалық беруде және де айыппұлдар салады. 9 ай қорытындысы бойынша 308 млн тг сомасында 1400 айыппұл салынды.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Ал ел бойынша жыл басынан бері 31 мың нысан тексерілді. Нәтижесінде 28 953 бұзушылық анықталды. Мұны Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің өкілі мәлімдеді. Барлығы 190 млн теңгеден астам сомаға 1 311 әкімшілік айыппұл салынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11% артық. Бүгінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 670 нысанның жұмысы тоқтатылды.

Данияр Шаханов, ҚР ТМЖ ӨҚК бас сарапшысы:

- Биылғы жылы 25 апат тіркелді. Мұнай-химия, мұнай-газ, тау-кен салаларында анықталған. Қазіргі таңда қолданыста біршама тозығы жеткен, ескірген құрылғылар бар. Соларды жаңарту керек. Осыған сәйкес сол комитетпен жиынтық жоспарлар әзірленуде. 210 мыңнан астам нысан бар. Бар болғаны 381 инспектормыз. 1 инспекторға 551 нысанды қадағалау керек.

Елімізде өнеркәсіптегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қамын ойлап жатқан азаматтар да бар. Мысалы, отандық өнертапқыш Әмір Қуаттың тың жобасы жұртшылықтың назартына ілікті. Оның жобасы адамның көңіл-күйі мен ішкі жан дүниесінен хабар береді. Жаңа жүйе арқылы жырты, тіпті бір жыл бұрын адамның қолайсыз күндерін біліп отыруға болады. Яғни қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік туады.

Әмір Қуат, өнертапқыш:

- Тау-кен өндірісі, қазіргі таңда біз сақтандыру компаниялармен келісімшартқа отырмақпыз. 45 адамның ағзасында цикрадтық ритмдер болады. Оның заңдылығы бар. 1,5 млн адамның апатта және аурудан қайтыс болған адамдардың жеке мәліметін жазғанбыз. Сол жүйе адамның ағзасындағы дағдарысты анықтап, компанияларға жіберіп отырады.

Бұдан былай еңбек қауіпсіздігі мемлекеттің ұдайы назарында болады. Қазір сенаторлар жұмыс берушіге талапты күшейтетін заң жобасын әзірлеп жатыр.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Диас Қовланбаев, Ақылбек Есімсейітов