Кәксәйек ауылының тұрғындары сапасыз салынған спорт алаңдарына шағымданды – Түркістан

Кәксәйек ауылының тұрғындары 2 жыл бұрын спорт алаңы салынғанда қатты қуаныпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Тіпті, тезірек бітсін деген ниетпен ойын алаңының орнын тегістеуге 100 рет жүк көлігімен топырақ та төккізген. Алайда қуаныш көпке созылмады. Мердігер мекеме футбол алаңын сапасыз салған. Жаңа алаң жыл өтпей жатып, түкке жарамсыз болып қалды.

Зұлпыхар Қожамжаров, Көксәйек ауылының тұрғыны:

- Әр тепкен добына бір сетка ұшып жатыр. Түбінің бәрі сапасыз. Қадасының бәрі әшейін халтура. Мына стадионға төсегені- щебенка, щебенканың үстіне балалар ойнай ма?! Тастың үстінде ешкі ойнайды тек қана, адам ойнамайды.

Төлепбек Алматаев, Көксәйек ауылының тұрғыны:

- Майда тастың үстіне әкелді де жұқа миллиметрлік газон деді, алашаны төседі де кетті. Ол ойыннан күніне 4-5 бала қолы, тізесін жаралап қайтады. Құлайды. Ол газон жыртылып кетті. Бір айдың көлемінде газон шетке жиналып қалды өзі. Кейін жаралы боп қайтқаннан кейін ата-аналар балаларын жібермейтін болды бұл жерге.

Содан бері екі жыл өтсе де, еш өзгеріс жоқ. Мемлекеттің 13 млн теңгесі желге ұшып кетті. Дәл осындай алаңдар Леңгір қаласында да қирап жатыр. Бір жыл бұрын 27 млн теңгеге салынған 3 алаңның қоршаулары сынып, қақпалары қирап қалған. Жеткіншектер оларды жіппен байлап, амалдап жүр. Ал, газон  атымен жоқ. Жұмысына жүрдім-бардым қараған мердігердің ісі сотта қаралып, қайта жөндеуге міндеттелген. Ал, Көйсәйектегі алаңды салғандар таптырмай кеткен.

Жексенбек Серсәулетов, Көксәйек ауылының әкімі:

- Сот орындаушылары Шымкентте деді адресі. Шымкенттегілер адресіне 3-4 рет хат жібердік, ол жақтан шықпай жатыр деді. Енді Алматыда дейді қазіргі адресі. Сот орындаушы қазір енді соны анықтап жатыр.

Сот орындаушы мердігердің мекен жайын таппаса, іс жабылып қалатын түрі бар. Ал келер жылы жұмыстың кепілдік мерзімі аяқталады. Ауыл тұрғындары сол мерзім өтіп кетсе, балаларымыз алаңсыз қала ма деп алаңдап отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш