Алматы мен Қонаев қалалары арасында электр пойызы жүреді

Су жаңа электр пойызын жолаушылар салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі  қаланың арасындағы теміржол тасымалы 7 жыл бұрын басталған еді. Алайда, ол кезде адам саны аз болып, бұл бағытқа пойыз жүрмей қалды. Жалпы, қаланың туристік әлеуеті зор. Жаз айларында республикалық автожолда көлік ағыны көбейеді. Кейде кептеліс болады. Қауіпсіздік мәселесі тағы бар. Осыны ескерген Президент өңірге  жұмыс сапары кезінде  электр пойызы тасымалын қайта жаңғыртуды тапсырған еді. 

Жұмахан Байырхан, Қонаев қаласының тұрғыны:

- Еліміздің көркейіп, Қонаев қаласынан Алматы қаласына электр поездбен келе жатырмыз. Бұл деген үлкен қуаныш. Осы қуаныштан қуанышқа жете берейік. 

Рахат Қалнияз, студент:

- Мен Алматыда тұрамын  Қапшағайда коледжде оқимын. Маған бұл жерге келу үшін такси ұстау керек Алматыдан Қапшағайға қарай.  Бұл поездің шыққаны жақсы болды ашылғалы.

Қалааралық пойыздың  екі вагонына 300 адам сияды. Қонаевтан шыққан теміржол көлігі  Жетіген және Байсерке станцияларына 5 минуттан аялдап, Алматы -1  вокзалына келіп тоқтайды. Жету уақыты 1 сағат 17 минут. Жол ақысы 400 теңге. Билеттерді теміржол бекеттері мен арнайы мобильдік қосымшалардан сатып алуға болады.

Нұрлан Қуматаев, Қонаев қаласының әкімі:

- Бұл игі іс деп ойламаймыз.  Бұған алғысымызды білдіреміз қала тұрғындарының  атынан. Қазір Қонаев қаласында үлкен өндіріс орындары ашылыпы жатыр . Сонымен қатар Алматы қаласы дамып жатыр. Мына екі ортада осындай көлік жүру үлкен ықпал етеді барлығына.

Пойыз  Алматыдан  Қонаевқа кешкі сағат 19:15 те кері қарай жүреді. Бір айдан кейін бұл бағытқа Алматы-2 вокзалын қосу жоспарланып отыр. Егер жолаушылар саны ұлғаятын болса вагон санын да арттырамыз -дейді теміржолшылар.

Авторлары: А. Садуақас, А. Дүйсембаев